Қоғам
Тренд

Астанадағы LRT шығынын ақтау үшін 578 жыл керек

LRT құрылысы мен вагон сатып алуға кеткен шығын неше жылда ақталатынын есептеп көрейік.

Астанадағы жеңіл рельсті көлік желісі биыл пайдалануға беріледі. Бұл — тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең даулы, ең ұзаққа созылған, ең қымбат жобалардың бірі. Том-том сот құжаттары мен БАҚ материалдарына арқау болған жоба шығынын ақтай ала ма?

Қазақпарат осы сауалға жауп іздеп елорда тұрғындарына қоғамдық көлік қызметін көрсететін монополист — City Transportation Systems (бұдан әрі — CTS) жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне хабарласқан.

CTS мәліметінше, LRT паркінде 19 жылжымалы құрам бар. Бір құрамға 4 вагон тіркелген және бір мезетте 650 жолаушы тасымалдай алады. Осы 19 құрамның 15-і күнделікті желіге шығып, халыққа қызмет көрсетсе, қалған төртеуі резервте тұрады.

15 құрам араға 5-10 минут салып қатынайды деп жоспарланған. Стансалар арасына орта есеппен 1,5-3 минут жүреді.

Қосымша құн салығынсыз 1,8 млрд АҚШ доллары көлеміндегі EPC-келісім 2016 жылы жасалды және өзгертілген жоқ. Бұл сомаға LRT құрылысы, депоны тұрғызу, вагондарды құрастырып Астанаға жеткізу, жұмыскерлерді оқыту сияқты LRT толық іске қосылғанға дейінгі жұмыстар кіреді, — деп жазылған жауапта.

Демек жеңіл рельсті трамвай желісін салып, вагондарды іске қосудың бүгінге дейінгі шығыны 1,8 млрд доллар болған. LRT-мен жол жүру ақысы теңгемен төленетіндіктен, бұл соманы да теңгеге шағу қажет. Ұлттық банк 2026 жылдың бірінші тоқсанында доллардың орташа бағамы 497,73 теңге болды деп есептеген. Демек теңгеге шаққандағы шығын — 895 млрд 914 млн теңге.

Жол жүру тарифі 200 теңге деп бекітілген.

CTS мамандары LRT пайдаланудың жоспарлы жылдық операциялық шығыны неше теңге деп бағаланғанын айтпады. Оның ішінде коммуналдық, қызмет көрсету, еңбекақы, желі мен жылжымалы құрамды күтіп ұстау шығындары қанша болатыны да белгісіз. LRT-нің жылдық операциялық табысын да нақты айтқан жоқ.

«LRT жобасы іске қосылған соң нақтыланады», — деп қысқа қайырған.

Сондықтан біздің есепте жеңіл рельсті көлік желісінің қызметін қамтамасыз ететін күнделікті шығындар ескерілген жоқ.

Бір тәулікте 45 мың жолаушы

«Бір тәулікте 45 мың жолаушы» көрсеткішін базалық сценарийдің өзегі етіп аламыз. Өйткені, CTS елорда халқының неше пайызы қоғамдық көлікпен жүретінін, оның неше пайызы LRT жолында шоғырланғанын өздеріндегі жедел мәліметтерден айқын көріп отыр. Сондықтан «арық сөйлеп, семіз шығу» қағидатымен есептелген 45 мың жолаушы деген көрсеткішті сенімді түрде беріп отыр.

Жұмсалған қаражаттың неше жылда қайтатынын түсіну үшін, ең алдымен билеттен түсетін жылдық табыс есептелді. Күн сайын 45 мың жолаушының әрқайсысы 200 теңгеден төлесе, бір күнде шамамен 9 млн теңге түседі. Бір жылда жол жүру ақысынан түсетін табыс шамамен 3 млрд 285 млн теңгеге жетеді. Сонда 895 млрд 914 млн теңгені толық ақтау үшін 272 жыл керек. Ал бұған күнделікті операциялық шығындарды қоссақ, базалық сценарийдің өзінде жұмсалған қаражатты ақтау мерзімі 300 жылдан асып кетеді.

Жолаушылар саны біртіндеп екі есе өсіп, күніне 100 мың адамға жетеді деп алуға болады. Мұндай жағдайда жылдық түсім шамамен 7,3 млрд теңгеге дейін барады. Бұл қарқынмен бастапқы шығын 123 жылда қайтады. Бірақ бұл сценарийде де LRT жұмысын қамтамасыз ететін күнделікті шығындар ескерілмеген. Ескерсек, мерзім 1,5-2 есеге дейін ұзаруы мүмкін.

Пессимистік сценарий

Тәуліктік жолаушы ағынын базалық сценарийден 2 есе төмен деп алсақ, 20-22,5 мың адам қатынайды деген сөз. Жылдық түсім — шамамен 1 млрд 551 млн теңге. Мұндай инерциямен негізгі шығынды 578 жыл шамасында жабуға болады.

CTS жауабында 200 теңгелік тарифті көтермей ұстап тұру үшін бюджеттен субсидия қарастырылатыны айтылған. Оның көлемі де «LRT жобасы іске қосылғаннан кейін нақтыланады». Демек, 200 теңгелік тариф LRT-нің күнделікті қызметіне кететін шығынды да жаппайды.

Түйіндесек, LRT құрылысы мен вагондар сатып алуға жұмсалған қаражатты тек жол ақысы арқылы қайтару мерзімі утопиялық есептің өзінде жүздеген жылдарға созылуы мүмкін.

2019 жылы билік транзиті болып, ұзақ талқылау мен сот процестерінен кейін жобаны аяқтау туралы шешім қабылданды. Жобаның қаржылық тұрғыдан тиімсіз екені сол кезде айтылған. Сондықтан бұл нысан — табыс табудың көзі емес, қаладағы көлік жүктемесін азайтуға арналған инфрақұрылымның бір тармағы болып қала бермек.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button