Ауылдан хат

Банкрот болып жатырмыз: Қостанайлық шаруалар киік көбейгенін айтып, дабыл қағуда

Мемлекет киік санын реттемесе немесе келтірілген шығынды өтемесе, ауыл шаруашылығы құрдымға кетеді.

Қостанай облысындағы ауыл шаруашылығы саласының ірі өкілдері киіктердің жаппай көбеюі мен олардың егінге тигізетін зардабына байланысты үндеу тастады. Бұл жолғы үндеуге тек шағын шаруа қожалықтары ғана емес, агросектордың көшбасшылары мен ірі кәсіпорын басшылары үн қосып отыр.

Фермерлердің айтуынша, киіктер санының бақылаусыз өсуі нағыз табиғи апатқа айналған. Егістіктер тапталып, жайылым азайып бара жатыр. Мыңдаған бастан тұратын киік үйірлері бидай, зығыр және басқа да дақылдар егілген алқаптарды таптап, жеп тауысуда.

Киіктер мал жайылатын жерлердегі шөпті де тақырлап тастағандықтан, мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер де зардап шегуде.

Осылай деп атап өткен ірі агроқұрылым басшылары шығын көлемі миллиондаған теңгеге жеткенін, бұл жағдай жалғаса берсе, кәсіпорындардың банкроттық алдында тұрғанын айтады.

Қостанай облысындағы «Диевская» Агрофирмасында ғана 2025 жылы киіктердің егінге келтірген залалы 2,2 млрд теңгені құраған.

«Тек 2025 жылдың өзінде киіктерден 60 мың гектар егістікке келтірілген залал 2 млрд 221 млн теңгені құрады. Егер жағдай өзгермесе, бір-екі жылдан кейін аудандық бюджеттің 40% құрайтын салық төлеуші банкрот болады. Әрі зиян шегіп отырған мұндай кәсіпорындар біз ғана емес», — дейді «Диевская» Агрофирмасының басшысы Олег Даниленко.

Шаруалардың талабы

Өңірдегі ірі шаруашылық басшылары мемлекеттен нақты шаралар қолдануды сұрайды. Олардың пікірінше, жай ғана бақылау жеткіліксіз.

«Біз киіктің киелі жануар екенін түсінеміз, бірақ ол халықтың несібесі мен еңбегін жоюға тиіс емес. Егер мемлекет киік санын реттемесе немесе келтірілген шығынды өтемесе, ауыл шаруашылығы құрдымға кетеді», — дейді сала мамандары.

Негізгі ұсыныстар:

  1. Популяцияны реттеу: Киіктердің санын ғылыми негізделген деңгейге дейін азайту.
  2. Өтемақы төлеу: Киіктерден зардап шеккен егіс алқаптары үшін арнайы мемлекеттік төлемдер енгізу.
  3. Қоршаулар мен тосқауылдар: Стратегиялық маңызы бар егістік жерлерді қорғаудың техникалық шешімдерін қарастыру.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button