Заң үстемдігі
Тренд

Қаржы пирамидалары бес жылда 100 есеге өскен – ҚМА (ВИДЕО)

Мәжілісте «Ашық экономика: қаржылық пирамида схемаларымен күресудегі кооперативтердің рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиын барысында еліміздегі қаржылық сауаттылық пен заңсыз схемалардың белең алуы талқыланды.

Tiek.kz тілшісі Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) өкілі Медет Несіпбектен соңғы бес жылдағы статистикалық мәліметтерді сұрап білді.

Статистика не дейді?

ҚМА өкілінің айтуынша, 2021 жылдан бері қаржылық пирамидалардың саны күрт артқан. Соңғы бес жылда бұл саладағы жобалардың өсімі 100 есеге жеткен. Бұл көрсеткіш жыл сайын тұрақты түрде өсіп келеді.

Неге бұлай болды?

Медет Несіпбек бұл өсімді тек заңсыз ұйымдардың көбеюімен ғана емес, Қаржылық мониторинг агенттігінің жұмысының тиімділігімен де байланыстырады. Агенттік енгізген жаңа тетіктер мен бақылау жүйесі бұрын жасырын жұмыс істеп келген көптеген схемаларды анықтауға мүмкіндік берген.

«Қазіргі таңда қаржылық пирамида белгілері бар жобалар өте көп. Олар азаматтарды «ақшаңды екі-үш еселеп қайтарамыз» деген уәдемен қызықтырады. Бірақ бұл – таза алдау. Біздің агенттік осындай ұйымдарды дер кезінде анықтап, жолын кесу бойынша жұмысты жалғастыруда», – деді ҚМА өкілі.

Қалай сақтану керек?

Қаржылық пирамидалардың негізгі белгілері:

  • Тым жоғары табыс уәде ету (нарықтық пайыздан бірнеше есе көп);

  • Жаңа қатысушыларды тарту талабы;

  • Қызметтің ашық болмауы және тиісті лицензияның жоқтығы.

Мамандар азаматтарды күмәнді қаржылық жобаларға ақша салмас бұрын олардың заңдылығын мұқият тексеруге шақырады.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button