Экология
Тренд

Іле-Балқаштың жабайы табиғаты: Үміт пен Амурдың тарихи кездесуіне 20 шақырым қалды

Қазақстанның жабайы табиғатына жарты ғасырдан кейін оралған қос жолбарыс – Үміт пен Амур қазір бір-бірінен небәрі 20-25 шақырым қашықтықта жүр. Спутниктік қарғыбау арқылы әр қадамы бақылауда тұрған жыртқыштардың тарихи кездесуі жақын күндері болмақ, деп хабарлайды Tiek.kz.

Табиғат заңы: Ұрғашысы неге бірінші жіберілді?

Бұл кездесу кездейсоқ емес, ғалымдардың нақты есептелген алгоритмі бойынша іске асуда. Естеріңізге сала кетейік, биыл шілде айында бірінші болып Үміт есімді ұрғашы жолбарыс еркіндікке шығарылған еді. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров мұның себебін былай түсіндірді:

«Олар бір-бірін міндетті түрде табады. Біз не үшін бірінші ұрғашы жолбарысты жібердік? Ол өз аймағын айқындап, бейімделіп, ана болуға дайын болуы керек еді. Өзінің иісін, белгілерін қалдырғаннан кейін оны аталық жолбарыс іздеп табуы тиіс».

Фото: Freedom Шапағат

Қазан айының соңында табиғатқа жіберілген аталық жолбарыс Амур қазір Үміттің ізіне түсті.

«Сары» және «жасыл» аймақ: Жолбарыстар қалай бақыланады?

Жыртқыштардың қозғалысы спутниктік бақылау қарғыбауы арқылы 24/7 режимінде қадағаланып отыр. Адамдар мен малға қауіп төндірмеу үшін резерватта арнайы «сары» және «жасыл» аймақтар белгіленген.

Егер жолбарыс елді мекендерге жақын орналасқан «сары аймаққа» кірсе, жүйе автоматты түрде SMS-хабарлама жібереді. Сол сәтте арнайы дайындықтан өткен антиконфликтілік топ дереу іске қосылып, барлық техникалық құралдармен жыртқышты қауіпсіз «жасыл аймаққа» қайтарады. Одан бөлек, шаруалардың малына зақым келген жағдайда, шығынды өтейтін халықаралық қор да құрылған.

Жобаның діттеген межесі – жабайы табиғаттағы алғашқы күшіктер

Бұл – 35 жылға арналған алып экологиялық марафон. Табиғатта тұрақты популяция қалыптасып, олардың өзіндік репродукциясы басталуы үшін 50-ге жуық дара жолбарыс қажет. Бұл мақсатқа жету үшін шамамен 15-20 жыл уақыт кетеді.

Жобаны мемлекетпен қатар ірі бизнес те қолдап отыр. Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов бұл бастамаға 102 миллион теңгеден астам қаржы бөлгенін мәлімдеді. Келер жылы жобаны халықтық деңгейге көтеру үшін банк тұтынушыларының кэшбэгі есебінен жолбарыстарды сақтау қорына 10% қаражат аударатын арнайы «Turan Jolbarysy» картасы шығарылмақ.

«Біз үшін ең маңызды да қуанышты сәт – Балқаш өңірінде жабайы табиғатта туып-өсетін алғашқы жолбарыс күшіктерінің пайда болуы болмақ. Бұл қайта жерсіндірудің дұрыс жүріп жатқанын дәлелдейді. Қазақстан жыртқыштарға өзінің тарихи мекенін қайтарып берген әлемдегі алғашқы елдердің біріне айналады. Осы нәтиже үшін күш біріктіруге тұрарлық», – деп түйіндеді Тимур Турлов.

Фото: Freedom Шапағат

Қауіпсіздік және бақылау

Жыртқыштардың қозғалысы спутниктік бақылау қарғыбауы арқылы 24/7 режимінде қадағаланып отыр. Егер жолбарыстар «сары аймаққа» (елді мекенге немесе шекараға жақын радиусқа) кірсе, арнайы жүйе автоматты түрде SMS-хабарлама таратады. Бұл ретте жедел құрылған антиконфликтілік топ жыртқыштарды қайтадан «жасыл аймаққа» бағыттайды.

Мамандардың есебінше, жабайы табиғатта өзін-өзі толық қамтамасыз ететін тұрақты популяция қалыптасуы үшін елде шамамен 50 дара жолбарыс болуы тиіс. Бұл межеге алдағы 15-20 жылда жету жоспарланып отыр.

 

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button