Саясат
Тренд

Қазақстанда 15 наурызда жаңа Конституция бойынша референдум өтеді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті Жарлыққа қол қойды

Құжатқа сәйкес, референдумға «Жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сауал шығарылады. Бұл туралы Ақорда сайтына сілтеме жасап Tiek.kz хабарлайды.

Жарлықта референдумды ұйымдастыру мен өткізу міндеті Орталық сайлау комиссиясына жүктелетіні көрсетілген. Аумақтық және учаскелік деңгейдегі жұмысты тиісті сайлау комиссиялары атқарады. Үкіметке ОСК және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, дауыс беруді өткізуге қажетті барлық шараны қабылдау тапсырылды.

Жаңа Конституция жобасы мен Президент Жарлығы 12 ақпанда бұқаралық ақпарат құралдарында ресми түрде жарияланады. Құжат жарияланған күннен бастап күшіне енеді.

Референдум – ел өміріндегі шешуші қадам

Билік өкілдерінің айтуынша, ұсынылып отырған Конституция жобасы мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге және саяси институттардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Алдағы науқан аясында қоғамда референдумның ұйымдастырылуы, оның ашықтығы мен қаржылық шығындарына қатысты да пікірталас күшейе түсуі мүмкін.

Шығын мәселесі бұған дейін де көтерілген

Tiek.kz бұған дейін елде өткен референдумдардың бюджеті мен оны өткізуге жұмсалған қаражат көлемі туралы материалын жариялаған еді. Сондай-ақ саясаткер Дос Көшім де осы саяси науқанға байланысты өз пікірін айтқан болатын.

Алдағы референдумға қанша қаржы жұмсалатыны және оның қандай баптар бойынша бөлінетіні алдағы уақытта Орталық сайлау комиссиясы мен Үкімет тарапынан нақтыланбақ.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Басқа жаңалықтар

Back to top button