Саясат

Біріккен Ұлттар Ұйымының беделі әлсіреп барады — Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы басталды. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында жаңа Конституцияның тарихи маңызына тоқталды. Мемлекет басшысы биыл ел Тәуелсіздігіне 35 жыл толғанын атап өтіп, Республика күнінің егемендік тарихындағы орны ерекше екенін айтты. Президенттің сөзінше, наурыз айында қабылданған жаңа Конституция Қазақстанның бүгінгі болмысы мен болашақ даму бағытын айқындады. Халық қолдаған Ата заң 1 шілдеде күшіне еніп, саяси жүйені түбегейлі жаңғыртуға және жаңа билік институттарын құруға негіз болды. Тоқаев Конституцияны бірнеше ұрпақ арасындағы қастерлі келісім деп бағалады. Сондай-ақ елде тарихи өзгерістер жүріп жатқанын және азаматтардың мемлекетті жаңарту жұмысына белсенді кіріскенін атап өтті.

Сондай-ақ ол елдің тәуелсіздігі мен егемендігін қорғауға қатысты мәселелер әлі толық шешілмегенін мәлімдеді. Мемлекет басшысының айтуынша, алдағы әлеуметтік-экономикалық міндеттерді орындау үшін қоғамдағы бірлік пен келісімді сақтау қажет. Сондай-ақ жаһандық сын-қатерлер күшейген кезеңде тәртіп пен жауапкершілікке басымдық берілуі тиіс. Президент әлемдегі ықпалды мемлекеттер арасында өзара сенім дағдарысы тереңдеп, халықаралық құқықтың беделі төмендегеніне назар аударды. Бұған қоса, бақылаусыз көші-қон мен геосаяси текетірестердің қауіпсіздікке әсерін атап өтті. Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының беделі әлсірегенін айтып, қазіргі халықаралық ахуалды күрделі әрі болашағын болжау қиын кезең деп сипаттады.

 

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button