Қоғам

Маңғыстаудағы 45 млрд теңгенің мұнай контрабандасы: ҰҚК қылмыстық топты әшкереледі

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстаннан шетелге мұнай өнімдерін заңсыз экспорттаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды Tiek.kz.

Қылмыстық схема қалай жұмыс істеген?

Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, Маңғыстау облысының кәсіпкері қылмыстық схема ұйымдастырып, жер қойнауын пайдаланушы компаниялардан шикі мұнай сатып алып отырған. Содан кейін шикізатты «Standart Petroleum» және «Mangystau Oil Refining» шағын мұнай өңдеу зауыттарында өңдеп, өнімге жалған сапа паспорттарын жасатқан.

Шын мәніндегі мұнай өнімі құжатта қарапайым «пеш отыны» ретінде көрсетіліп, Ақтау теңіз порты арқылы танкермен шетелге заңсыз асырылып келген.

45 млрд теңгенің заңсыз айналымы

Тек 2019–2023 жылдар аралығында ғана «Batys Nefte Trade» ЖШС арқылы шетелге 160 мың тоннадан астам мұнай өнімі экспортталған. Заңсыз операциялардың жалпы көлемі шамамен 45 млрд теңгеге бағаланып отыр.

Зауыт, танкер және активтер тәркіленді

Биыл жүргізілген тергеу іс-шараларының аясында қылмыстық іс фигуранттарының ірі активтері бұғатталды. Оның ішінде шағын мұнай өңдеу зауыттары, мұнай таситын танкер және өзге де бағалы мүліктер тәркіленді. Сонымен қатар, заңсыз алынған кірістер мен төленбеген салықтар есебінен мемлекет қазынасына 2 млрд теңгеден астам қаражат өндірілді.

Қылмыскерлердің жазасы қандай?

Бұған дейін Ақтау қалалық сотының үкімімен ұйымдасқан қылмыстық топтың 5 қатысушысы (оның ішінде шағын зауыттар мен трейдерлік компания басшылары бар) ҚР Қылмыстық кодексінің 234-бабының 3-бөлігі және 262-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Ал бұл ауқымды қылмыстық схеманың негізгі ұйымдастырушысына халықаралық іздеу жарияланды.

(Дереккөз: ҰҚК баспасөз қызметі)

 

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button