Спорт

Азия ойындары: Ясмина Тоқсанбаева спорттық жүрістен жеңіп алған алтын медалінен айырылды

Спортшымыз талапқа сай келмейтін аяқ киім киген дейді.

Қазақстандық Ясмина Тоқсанбаева Азия ойындарында марафон қашықтығына спорттық жүрістен жеңіп алған алтын медалінен айырылды. Спортшының аяқкиіміне қатысты тексеруден кейін оның нәтижесі жойылып, алтын жүлде Қытай өкіліне берілді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Мәреге бірінші жеткен спортшының нәтижесіне шағым түсті

Ясмина Тоқсанбаева әйелдер арасындағы марафон қашықтығына спорттық жүріс сайысында мәреге бірінші болып жеткен. Алайда жарыстан кейін оның нәтижесіне қатысты наразылық білдірілген.

Осыған байланысты Дүниежүзілік жеңіл атлетика қауымдастығы – World Athletics қазақстандық спортшының жарыста киген аяқкиімін тексерген. Нақтырақ айтқанда, оның жарыста қолдануға рұқсат етілген аяқкиімдер тізіміне кіретін-кірмейтіні қаралды.

Алтын медаль Қытай өкіліне берілді

Тексеру қорытындысында Тоқсанбаева регламенттің спорттық жабдыққа қойылатын талаптарға қатысты тармақтары бойынша жарыстан шеттетілді. Соның нәтижесінде оның көрсеткіші есепке алынбады.

Ұйымдастыру комитеті сайыстың қорытындысын ресми түрде бекітті. Жаңартылған нәтиже бойынша алтын медаль Қытай спортшысына берілді.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button