«БҰЛ – ҚЫСҚА МЕРЗІМДІК ҚҰБЫЛЫС» — ЭКОНОМИСТ БАҒА ТУРАЛЫ
Жангелді Шымшықов үкімет таратқан баға индексіне байланысты пікір айтты
Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасы өткен жылғы деңгейде қалғаны туралы Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі ресми ақпарат таратты. Ведомство дерегіне сәйкес, жыл басында негізгі азық-түлік бағасының индексі өзгермеген.
Алайда экономист, профессор Жангелді Шымшықов бұл үрдісті нарықтағы уақытша факторлармен байланыстырады және оны «тұрақтылықтың нақты көрсеткіші» деп бағалауға болмайтынын айтады.
«Бұл – қысқа мерзімдік құбылыс. Себебі 2025 жылдың соңында жұрт “жаңа жылдан кейін бәрі қымбаттап кетеді” деген үреймен көптеген тауарды алдын ала сатып алды. Қорға жинақтап қоюға тырысты. Бұл – бірінші фактор», — дейді экономист.
Оның айтуынша, жылдың соңғы айларында ет нарығындағы жағдай да бағаның өсуіне жол бермеген.
«Екіншіден, дәл осы кезеңде халық соғым сойды. Бұл дегеніңіз — етті базардан көп сатып алмайды. Сұраныс болмаған соң бөлшек саудада ет бағасы көтерілмейтіні түсінікті», — деп түсіндіреді сарапшы.
Шымшықов көкөніс бағасының өзгермеуіне де маусымдық себептер әсер еткенін атап өтті.
«Үшіншіден, қысқа қарай азаматтар көкөністерді тұздап, консервілейді. Қырыққабат па, қияр ма, қызанақ па — бәрін алдын ала дайындап алады. Соның салдарынан бұл өнімдерге сұраныс бірден саябырсиды. Сұраныс азайса, баға не төмендейді, не сол күйінде қалады», — дейді ол.
Экономистің пікірінше, осы факторларды ескермей, жағдайды «тамаша нәтиже» ретінде көрсету — шынайы экономикалық көріністі бұрмалау.
«Осындай құбылысты бұрмалап әкеліп, “баға тұрақты” деп көрсету — жалғандыққа үйреніп алған биліктің кезекті айласы», — дейді Жангелді Шымшықов.
Баға өзгермесе де, қалта жұқарды ма?
Сарапшы тағы бір маңызды жайтқа назар аударады. Оның айтуынша, баға қағаз жүзінде өзгермегенімен, салық жүктемесінің артуы халықтың нақты шығынын көбейтті.
«Жарайды, баға еш жерде көтерілген жоқ делік. Бірақ одан халық ұтты ма? Бірінші қаңтардан бастап қосылған құн салығы өсті. Демек, бағасы өзгермеген тауарды сатып алғанда да қалтаңнан бұрынғыдан көп ақша шығарасың», — дейді ол.
Экономист мұны қарапайым мысалмен түсіндіреді.
«Кеше 100 теңгеге алған тауарды бүгін 120 теңгеге сатып аласың. Бағасы өзгерген жоқ дейді, бірақ 20 пайыз салық қосылды. Ал тұтынушы үшін айырмашылық қандай? Сен ұттың ба? Жоқ. Сен ұтылдың. Ал билікке ыңғайлы — “баға өзгерген жоқ” деп есеп береді. Бұл да — алдамшы тәсіл», — деп түйіндейді Жангелді Шымшықов.
Осылайша, экономистің пайымдауынша, ресми статистикадағы «тұрақты баға» халықтың нақты сатып алу қабілетін толық көрсетпейді. Баға индексінен бөлек, азаматтардың қалтасынан шығатын нақты шығын да ескерілгені жөн.



