Экономика
Тренд

Қияр, қызанақ, алма, ірімшік арзандады — Сауда министрлігі

Биыл 4 қаңтардан бастап Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының уақытша кеңейтілген тізбесі қолданысқа енгізілген

Бұған дейін 19 атаудан тұрған тізім қазір 31 тауарды қамтиды. Олардың қатарына қияр, қызанақ, алма, шай, қаймақ, балық, сиыр еті (сүйекті және сүйексіз), тауық еті, жылқы еті және қатты ірімшік енді. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің ақпаратына сүйеніп Tiek.kz хабарлайды.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, жылдың алғашқы аптасының қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі 0,2 пайыз болды. Өткен жылдың осы кезеңінде де дәл осындай көрсеткіш тіркелген. Биыл бұл дерек кеңейтілген тауарлар тізбесін ескере отырып есептелді, бұл негізгі азық-түлік өнімдері бағасының айтарлықтай өзгермегенін аңғартады.

Кеңейтілген тізімге енген кейбір жаңа тауарлар бойынша баға 0,1–0,5 пайыз аралығында төмендеді. Бұл өзгеріс көлемі жағынан үлкен болмағанымен, бағаны тұрақтандыру бағытында алғашқы нәтижелердің байқала бастағанын көрсетеді. Атап айтқанда, алма 0,5 пайызға, қияр мен қызанақ 0,4 пайызға арзандады. Бакалея өнімдері арасында қатты және жартылай қатты ірімшіктің бағасы 0,3 пайызға, қара шай 0,2 пайызға төмендеді. Сонымен қатар ет пен балық өнімдері 0,1 пайызға, ал сүт өнімдері ішінде қаймақ 0,1 пайызға арзандады.

Инфографика Tiek.kz

Бағаны шектеу мақсатында жыл басынан бері сауда орындарында баға жағдайы тұрақты бақылауға алынды, сондай-ақ бизнес өкілдерімен түсіндіру кездесулері өтті. Осыған байланысты 13 қаңтарда ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті төрағасының орынбасары Даулен Кабдушев жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірге елордадағы базарларды аралап, сатушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Оның айтуынша, өңірлерде де осындай шаралар жалғасып келеді.

«Қазіргі таңда сатушыларға бұрын әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізбесіне кірмеген өнімдердің енді тізімге қосылғаны түсіндіріліп жатыр. Бұл Сауда комитеті жаңа енгізілген тауарлардың сауда үстемесіне мемлекеттік бақылау жүргізетінін білдіреді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес әлеуметтік маңызы бар тауарларға белгіленетін ең жоғары сауда үстемесі 15 пайыздан аспауы тиіс», – деді Даулен Кабдушев.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Басқа жаңалықтар

Back to top button