Саясат

  «Өмірді тоқтатып қоя алмаймыз ғой»: ОСК мүшесі партиялардың бірігіп жатқаны үшін мәслихаттың жұмысын тоқтатуға болмайтынын айтты  

Бүгінгі таңда саяси алаңда болып жатқан үдерістер, соның ішінде «Аманат» пен «Әділет» партияларының бірігуі қоғамда түрлі сұрақтар туындатып отыр. Соның бірі қазіргі мәслихаттың жұмысы.

Айта кетерлігі, қазіргі Мәслихат Аманат партиясы атынан жұмыс істеп отыр. Іс жүзінде «Аманат» партиясы жоқ. Осы жайында тілшіміз Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Михаил Бортниктің пікірін білген еді.

Бортниктің айтуынша, екі партияның бірігіп жатқаны үшін  мәслихаттың жұмысын тоқтатуға болмайды. Әзірше толық құраммен жұмыс жасай береді. Кейін уақыты келгенде қоданыстағы заң аясында сайлау өтуі тиіс.

«Мәслихаттар үшін жаңа сайлау мерзімі белгіленетін шығар, яғни бұл қолданыстағы заң бойынша болуы тиіс тәртіптен өзгеше болады», — дейді Михаил Бортник.

 

— Бұл бос орындарға тек «Әділет» партиясының өкілдері ғана келе ме?  

— Жоқ, толықтай жаңа сайлау өтуі мүмкін. Өйткені ауқымды өзгерістерді ескерсек, бұл тек бірлі-жарым орынға болатын қосымша сайлау емес, жаңа сайлау болар еді. Ол міндетті түрде жарияланады. Әзірге сол уақытты күтейік.

— Бұл мәселе әзірге күн тәртібінде жоқ па?

— Жоқ, қазір бәрі толық құрамда жұмыс істеп жатыр. Барлық мәслихаттардың бүгінгі таңда кворумы бар. Олар дәл осындай жағдайлар үшін де бар ғой. Өзіңіз білесіз, жыл соңы, өңірлердің жаңа бюджеттерін қабылдау кезеңі – мұның бәрі жұмыс істеуі тиіс. Біреулердің бірігіп жатқаны үшін ғана өмірді тоқтатып қоя алмаймыз ғой. Сондықтан бәрі жұмысын жалғастыра береді, ал партиялардың тағдырына қатысты жағдайлар туындаған кезде, мәслихаттардың болашағы туралы тиісті шешім қабылданады.

— Ал заң бойынша мандаттар мұрагерлік жолмен берілмей ме?

— Жоқ, онда жаңа партиялық тиесілілік және өзге де талаптар жұмыс істейді.

Бұған дейін де редакциямыз Әділет министрлігі мен Орталық сайлау комиссиясына қос партияның бірігуі және жергілікті мәслихаттардың жұмысына қатысты сауал жолдаған еді.

Әділет министрлігінің жауабында саяси партияны қайта ұйымдастырудың оның қызметін тоқтатуға негіз бола алмайтыны айтылған.

«Қолданыстағы заңнамада депутаттық мандатты сақтау мәселесі саяси партияны қайта ұйымдастыру және оның қызметін тоқтату жағдайларын ажырата отырып реттеледі.
Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңның 20-бабы 3-тармағының 3-2) тармақшасына сәйкес, депутат өзі сайланған саяси партияның қызметі тоқтатылған жағдайда оның депутаттық өкілеттігі тоқтатылады. Бұл ретте саяси партияны қайта ұйымдастырудың өзі оның қызметін тоқтатуға теңестірілмейді.

Сонымен қатар, «Саяси партиялар туралы» Заңның 14-бабына сәйкес саяси партия өзінің жоғары органының шешімі бойынша қайта ұйымдастырылуы мүмкін. Саяси партияларды біріктіру, оның ішінде қосылу арқылы біріктіру заңда көзделген қайта ұйымдастыру нысаны болып табылады.
Бұл ретте қолданыстағы заңнамада партиялық тізімдер бойынша сайланған мәслихат депутаттарының өкілеттіктерін саяси партияны қайта ұйымдастыру туралы шешім қабылдануына не оны қайта ұйымдастыру процесінің басталуына байланысты автоматты түрде тоқтату көзделмеген.

Осылайша, депутаттық мандатты тоқтату саяси партияны қайта ұйымдастыру туралы шешімнің қабылдануымен немесе қосылу рәсімінің басталуымен емес, саяси партия қызметінің заңда белгіленген тәртіппен тоқтатылу фактісімен байланыстырылады.

Сонымен бірге «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мүмкіндігі туралы мәселе бойынша жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің құзыретіне жататынын атап өтеміз.

Бұл ретте көрсетілген саладағы заңнаманы жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар болған жағдайда, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі оларды заңнамада белгіленген тәртіппен қарауға дайын екенін хабарлайды.

Көрсетілген нормаға сәйкес мәслихат депутатының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға депутаттың өзі сайланған саяси партиядан шығуы немесе шығарылуы негіз болып табылады.
Бұл ретте депутаттарды партиялық тізімдер бойынша және бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайлау тәртібін ажырату қажет.

Бірмандатты аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутатқа қатысты саяси партиядағы мүшелігін тоқтатудың өзі оның депутаттық өкілеттігінің тоқтатылуына әкеп соқпайды, өйткені ол мандатты тиісті бірмандатты аумақтық сайлау округі бойынша сайлану нәтижесінде алған.
Осылайша, көрсетілген Заңның 20-бабы 3-тармағының 3-1) тармақшасының ережесі заңнамада белгіленген тәртіппен саяси партиядан сайланған депутаттарға қолданылады және бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланған, оның ішінде саяси партия ұсынған депутаттарға қолданылмайды», — делінген ресми жауапта.

Ал ОСК жауабы мынадай болды:

Қазақстан Республикасы Конституциясының 60-бабының 1-тармағына сәйкес заң шығаруға бастама жасау құқығы Қазақстан Республикасының Президентіне, Құрылтай депутаттарына, Үкіметке, Қазақстан Халық Кеңесіне тиесілі және тек қана Құрылтайда іске асырылады.
Ортсайлауком заң шығару бастамасының субъектісі болып табылмайтының ескере отырып, Сіз көтерген мәселелер бойынша тиісті органдарға жүгінуге құқылы екендігіңізді хабарлаймыз.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 111-1-бабының 6-тармағына сәйкес депутат мерзімінен бұрын шығып қалған жағдайда оның мандаты тиiстi аумақтық сайлау комиссиясының қаулысымен партиялық тiзiмге енгiзiлген кандидаттардың арасынан саяси партияның тиісті филиалының (өкілдігінің) басшы органы айқындайтын келесі кандидатқа берiледi.

Өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған немесе депутаттық мандатынан айырылған жағдайда, бір мандатты округтер бойынша шығып қалғандардың орнына депутаттарды сайлауды тиісті аумақтық сайлау комиссиясы Конституциялық заңда белгіленген мерзімде тағайындайды.
«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының заңының 11-бабы 3-тармағына сәйкес мәслихат сессиясы жалпы отырыс нысанында өткiзiледi. Егер мәслихат депутаттары жалпы санының кемiнде үштен екiсi мәслихат сессиясына қатысса, ол заңды болады. Шешiмдер мәслихат депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылданады.

Сіздің сұрау салуыңызда қамтылған өзге мәселелер бойынша Ортсайлауком басқа мәліметтерді игермейтінің және оларды шешу құзыретіне кірмейтінің хабарлаймыз.

«Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының   60-бабының 4-тармағына сәйкес бұл түсіндірменің міндетті заңдық күші жоқ және ұсынымдық сипатқа ие.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Tiek ақпарат порталы (@tiek.kz)

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button