«Бізді алаңдатып отыр» — СІМ (Видео)
Қара теңізде Қазақстан мұнайын тасымалдауға қатысы бар танкерге жасалған шабуылға қатысты Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев Tiek.kz сауалына жауап берді
Оның айтуынша, ведомство аталған жағдайды алаңдаушылықпен қабылдап отыр және ресми мәлімдеме дайындалып жатыр.
«Жалпы алғанда, бұл жағдай бізді, әрине, алаңдатып отыр. Ресми мәлімдеме Сыртқы істер министрлігі тарапынан болады. Ол белгіленген уақытқа жақын жарияланады деп ойлаймын. Сондықтан ресми өкілдің ақпаратын күткен жөн», — деді Ермұхамбет Қоныспаев.
Айта кетейік, кеше Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі Қара теңіз акваториясында, Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалы маңында Қазақстан мұнайын тасымалдауға қатысы бар танкерлерге қатысты оқиғалар жөнінде ресми мәлімдеме жасаған болатын. Ведомствоның хабарлауынша, шабуыл салдарынан экспорттық мұнайға тікелей залал келмеген, ал жеткізілімдердің бір бөлігі баламалы бағыттарға қайта бөлінген.
Қазіргі уақытта жағдай уәкілетті мемлекеттік органдардың бақылауында. Сыртқы істер министрлігі жақын уақытта халықаралық-құқықтық тұрғыда ресми ұстанымын жариялауы тиіс.
Вице-министрдің видеосы



