ӘлемЭкономика
Тренд

Қара теңіздегі шабуылдар мен ауа райының қолайсыздығы мұнай экспортына әсер етті — Энергетика министрлігі

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Қара теңіз акваториясында танкерлермен болған оқиғалар мен олардың мұнай өндіру және экспорт көлемдеріне ықпалына қатысты ресми түсініктеме берді

Министрліктің мәліметінше, 2026 жылғы 13 қаңтарда Қара теңізде, Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалы маңында Қазақстан мұнайын тасымалдауға қатысқан екі кеме — «Matilda» және «Delta Harmony» танкерлері ұшқышсыз ұшу аппаратының шабуылына ұшыраған.

Мальта туымен жүрген «Matilda» танкерінде жарылыс тіркелгенімен, өрт шықпаған. Алдын ала бағалауға сәйкес, кеменің теңізде жүзу қабілеті сақталған, экипаж мүшелері зардап шекпеген. Либерия туымен жүрген «Delta Harmony» танкерінде өрт шыққанымен, ол жедел сөндірілген. Оқиға кезінде кемеге мұнай тиеу жұмыстары жүргізілмеген, жүк цистерналары бос болғандықтан, Қазақстанның экспорттық ресурстарына тікелей залал келмеген.

Сонымен қатар Энергетика министрлігі желтоқсан айында КҚК теңіз терминалы арқылы мұнай жөнелту көлемінің уақытша төмендегенін растады. Бұл жағдай ұшқышсыз ұшу аппараты шабуылы салдарынан ВПУ-3 айлақ құрылғысының қызметін мәжбүрлі тоқтатуға және Қара теңіздегі қолайсыз метеорологиялық ахуалға, оның ішінде дауылды құбылыстарға байланысты болған.

Объективті факторлардың мұнай-газ саласына ықпалын азайту және мұнай өндірудің тоқтап қалуына жол бермеу мақсатында ведомство экспорттық ағындарды жедел түрде қайта бөлу бойынша шаралар қабылдаған.

Министрліктің хабарлауынша, экспортталатын мұнай көлемінің бір бөлігі баламалы тасымалдау бағыттарына қайта бағдарланған. Атап айтқанда, Атырау–Самара бағыты бойынша тасымалдау көлемі артқан, сондай-ақ Қытай Халық Республикасына жеткізілімдердің өскені тіркелген. Қалған экспорттық бағыттар бойынша тасымалдау жоспарлы орташа көрсеткіштер деңгейінде сақталған.

Энергетика министрлігі мұнай өндіру мен экспортқа қатысты жағдайдың тұрақты бақылауда екенін атап өтті. Ведомство ұлттық операторлармен, консорциум әкімшілігімен және халықаралық әріптестермен бірлесіп, логистикалық тізбектердің қауіпсіздігі мен экспорттық жеткізілімдердің үздіксіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жалғастырып отыр.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Басқа жаңалықтар

Back to top button