Интеллект дәуірі

QAIRU алғашқы оқу жылын бастады: Суперкомпьютер, халықаралық серіктестік және 3 жылдық оқу жүйесі

Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Орталық Азиядағы алғашқы жасанды интеллект университеті — Qazaq AI Research University (QAIRU) өзінің бірінші оқу жылын бастады. Осыған орай Astana Hub алаңында оқу орнының басшылығы мен министрлік өкілдерінің қатысуымен арнайы баспасөз мәслихаты өтті деп хабарлайды Tiek.kz.

Жиында айтылған ең маңызды мәлімдемелер мен жоспарларды назарларыңызға ұсынамыз:

Неліктен ескі университетті жаңғыртпай, жаңасы салынды?

ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглованың айтуынша, білім беруден бастап әкімшілікке дейінгі барлық процесі жасанды интеллект (ЖИ/AI) негізінде құрылған университеттер әлемде саусақпен санарлық.

«Сондықтан біздің міндетіміз бар университетті қайта форматтау емес, нөлден эксперимент өткізу болды. Northeastern University тәжірибесі көрсеткендей, профессорлық құрамның қалыптасқан ойлау жүйесін қайта құру бір жылдың ісі емес. Сонымен қатар жуырда БАӘ-дегі Mohamed bin Zayed University of Artificial Intelligence ректорымен келіссөз жүргіздік — ол біздің командамызға қосылуға дайын», — деді вице-министр.

400 бакалавр және 100 магистрант — тұрақты көрсеткіш

Биыл оқуға түсуге өтінімдер бірнеше есе көп болып, конкурс өте қатаң өткен. Дегенмен, қабылдау саны ұлғаймайды, жыл сайын осы деңгейде сақталады. QAIRU ректоры Сапар Тоқсановтың сөзінше:

«Біз санға емес, сапаға барғымыз келеді».

Төрт емес, үш жыл: Диплом орнына — толыққанды AI-өнім

QAIRU бірінші проректоры Серік Өмірбаев оқу мерзімінің қысқаруын заман талабымен түсіндірді:

«Классикалық университеттер 4 жыл оқытады, біз — 3 жыл. Бірақ бағдарлама қысқармайды, керісінше тығыз бола түседі. Әлем тез өзгеруде, кейбір дағдылар түлек оқуды бітіргенше ескіріп кетуі мүмкін. Осы үш жыл бір ғана AI-жобаның айналасына құрылған: бірінші курста — мәселені қою және MVP, екіншісінде — жұмыс істейтін AI-сервис, үшіншісінде — дипломның негізіне айналатын толыққанды AI-өнім».

Айта кетейік, оқу бағдарламалары Google және Samsung компанияларымен тікелей интеграцияланған.

«AI-Enabled University» іс жүзінде қалай жұмыс істейді?

Ректор Сапар Тоқсановтың айтуынша, университет жай ғана оқу орнын емес, төрт блоктан тұратын тұтас AI-экожүйесін қалыптастырып отыр:

  • Жеке траекториялары мен микробіліктіліктері бар академиялық блок;

  • Lenovo, Huawei және Samsung серіктес болатын зерттеу блогы;

  • Бизнес-блок;

  • Ұлттық AI-платформа.

AI жөніндегі проректор Азамат Жұмахметтің мәліметінше, әр студенттің цифрлық профилі болады, ал AI-көмекшілер студенттерге де, оқытушыларға да көмектеседі. Сыртқы сараптама үшін құрамында ірі IT-компаниялар өкілдері мен шетелдік ректорлар бар халықаралық Advisory Board құрылған (алғашқы отырысы 1-2 қазанда Астанада өтеді).

Халықаралық серіктестік және қос диплом

Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Мадина Тыныбаева шетелдік бағдарламалардың ауқымына тоқталды. Қазан айында QAIRU-ға Shanghai Innovation Institute ғалымдары дәріс оқуға келеді. Одан бөлек:

  • Tsinghua SIGS-пен бірлескен бағдарлама: бакалавриат QAIRU-да, магистратура мен докторантура Tsinghua-да;

  • Shanghai Jiao Tong University және Korea University-мен семестрлік/жылдық алмасу;

  • HY+ және Хельсинки университетімен педагогтерге AI Education магистрі дәрежесін беретін сертификаттау бағдарламасы әзірленуде.

250 мегаваттық дата-орталық пен суперкомпьютер

ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Гиззат Байтұрсынов инфрақұрылым туралы жаңалықпен бөлісті:

«ИИ дамыту есептеу инфрақұрылымынсыз мүмкін емес. Былтыр біз әлемдік Top-500 рейтингінде 86-орында тұрған Alem Cloud суперкомпьютерін іске қосып, оның аясында QAIRU-ға 20 GPU бөлдік. Жүктеме өскен сайын бұл квота ұлғаяды. Ал екі ай бұрын NVIDIA және Presight компанияларымен 250 мегаватт қуаттылығы бар дата-орталық салу туралы келісімге қол қойдық».

Оқу құны, кадрлар және білікті кадрлардың шетел асуын тоқтату

  • Кадрлар: Университетте 24 оқытушы бар (1 оқытушыға 12 студенттен келеді). Олардың бағалануы сабақ беру дағдысымен ғана емес, нақты жазған код көлемімен де өлшенеді.

  • Қаржы: Оқу құны бакалавриатта 2 млн теңге, магистратурада шамамен 3 млн теңге. Биыл мемлекеттік грант тек бакалавриатқа бөлінді (магистратура лицензиясы шілдеде алынды), бірақ келесі жылы магистратураға да грант уәде етіліп отыр. Қазан айында докторантураны лицензиялауға құжат тапсырылады.

  • Білікті кадрлардың шетел асуы: Ректордың кеңесшісі Айдын Сәбитов EXPO аумағындағы экожүйе (университет, Astana Hub және AI-орталық) мамандарды елде қалдырып, бәсекеге қабілетті стартаптар ашуға толық мүмкіндік беретінін жеткізді.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button