Экономика
Тренд

19 шілдеден бастап QR-код арқылы төлем жасауға тыйым салынатыны рас па?

Әлеуметтік желіде 19 шілдеден бастап QR-кодпен төлемге тыйым салынады деген ақпарат тарап жатыр.

«RB Partners Academy» сарапшыларының түсіндіруінше, QR-ды пайдалануға тыйым салынады деген дау – «Үкіметінің 2021 жылғы 1 шілдедегі №457 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 13 мамырдағы №388 жаңа қаулысынан туындаған.

Қаулы осы жылдың 19 шілдесінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Сарапшыларының түсіндіруінше, бұл керісінше Қазақстанда қолма-қолсыз төлемдерді ыңғайлы әрі әділ ету үшін маңызды өзгерістер енгізіліп жатыр.

Негізгі өзгеріс неде?

Бұған дейін бизнес тек бір төлем түрін (POS-терминал немесе тек бір банктің QR-коды) қабылдауға құқылы болатын. Енді мұндай таңдау құқығы жойылды. Саудагерлер міндетті түрде үш нұсқаны бір уақытта қабылдауы тиіс:

Банктік карталар (POS-терминал);
QR-код;
Мобильді аударымдар.

Басты жаңалық — барлық банкке ортақ бірыңғай QR-код.

Енді сатып алушы кез келген банктің қосымшасы арқылы бір QR-кодпен төлем жасай алады. «Жеке шотыма аударыңыз» деген талап біртіндеп жойылады.

Кімдерге міндетті?

Қаулы бойынша қолма-қолсыз төлем қабылдау міндеті көптеген салаға таралады:

Бөлшек және көтерме сауда;
Мейрамхана, қонақүй, тамақтану және жеткізу қызметі;
Автосервис, туризм, сақтандыру;
Денсаулық сақтау, білім беру;
Шаштараз, сұлулық салондары, курьерлер, дизайнерлер, клининг және т.б.

Жеңілдіктер: Интернет және байланыс жоқ ауылдық жерлердегі бизнес;
Жылжымалы сауда нысандары (фудтрак, автодүкен, стритфуд және т.б.).

Жауапкершілік

Талапты орындамағандарға әкімшілік жаза қолданылады:

Бірінші рет — ескерту;
Қайталанса — 40-80 АЕК көлемінде айыппұл (173 000 — 346 000 теңге).

Не өзгереді?

Тұтынушылар үшін:

төлемнің бірнеше ыңғайлы нұсқасы болады.
Бизнес үшін: бірнеше QR-дың орнына бір бірыңғай QR жеткілікті, банктер арасындағы бәсеке күшейеді.

Қысқасы, 19 шілдеден бастап «мобильді аударымға тыйым» деген қауесет жалған.

Бұл — Қазақстанда қолма-қолсыз экономиканы дамытуға бағытталған кезекті қадам.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button