Мәжіліс отырысында Ермұрат Бапи Алматыдағы Hilton қонақ үйі бүгін, 21 мамырда меншік иесінен заңсыз тартып алып жатқанын айтты. Осы жағдайдың мән-жайын тексеру үшін бас прокурор Берік Асыловтың атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлады tiek.kz.
Айтуынша, мәселе өте шұғыл, депуттаттық сауалды да жиын үстінде жазуына тура келген.
«Дәл осы – мен депутаттық сауал жолдап отырған кезде, Алматы қаласының Әділет басқармасының шешімімен «Хилтон» қонақ үйін заңды меншік иесі «Аbli hotels» компаниясынан тартып алу, отель қызметкерлерін сыртқа шығару және ғимаратты күштеп босату әрекеті жүріп жатыр. Мұнда 250-ге жуық қызметші жұмыс істейді, енді олар жұмыссыз қалады. Осы әрекеттердің бәрі қонақүй толы шетелдік қонақтардың көз алдында жүріп жатыр», – деп мәлімдеді Ермұрат Бәпи.
Депутат бұл әрекеттің артында «ескі Қазақстанның мүддесіне жасалып жатқан заңсыз, әділетсіз және бассыздық әрекеттер» тұр деп есептейді.
«<ұл заңсыздық «ескі Қазақстанның» мүддесіне жасалған әділетсіз және заңсыз әрекеттер деп білем. «Хилтон» мейманханасы туралы, оны осыдан төрт жыл бұрын Н.Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының сақалды нөкерлері басып алғаны турасында депутаттық сауал жолдаған едім. Енді әбден көзім жеткендей, оған әдеттегідей жалтарма жауап алдым.
Содан бергі үш жыл бойы «Хилтонның» мәселесі менің депутаттық бақылауымда болды. Мұндағы менің мүддем – «ескі Қазақстан» өкілдері қарапайым халық пен бизнеске қатысты жасаған адам айтқысыз қиянат пен кесапатқа қарсы тұру еді.
Осы төрт жылдың ішінде Қайрат Сатыпалды әртүрлі қаржы махинациясына байланысты қылмыстық жауапкершілікке тартылды, аздаған уақыт түрмеде «отырып», одан аман-есен шығып үлгерді. Осы аралықта ол біраз активін мемлекетке қайтарды. Қайтарылған активтердің ішінде америкалық талаппен салынып, америкалық франшизамен жұмыс істейтін «Хилтон» қонақ үйі болды.
Бірақ кейіннен анықталғандай, олигархтың нөкерлері әртүрлі қитұрқы схема-амалдармен аталмыш қонақ үйін Сатыбалдыға астыртын бағынышты компанияның есебіне рәсімдеді. Бұл афераға Капитал-банктің директорлар кеңесінің төрағасы Орифджан Шадиев пен бұрынғы «Қазақ банкінің» басты акционері Дінмұхамед Ыдыросов та қатысты болған деген дерек бар…
Егер «Хилтон» Сатыбалдының активіне рәсімделмеген жағдайда, бұл отель оның үкіметке қайтарған активтер есебінде болмас еді. Яғни, ол «Хилтонды» бейкүнә қожайындарынан тартып алғаны былай тұрсын, оны өзінің меншігі ретіндегі актив ретінде үкіметке қайтарған! Бұған тиісті мемлекеттік органдар көзжұмбайлықпен қараған», – дейді депутат.
Осылай деп атап өткен депутат Қайрат Сатыбалды астыртын жолдар арқылы қонақүйді қайтарып алуға әрекет жасап жатыр.
«Әртүрлі айла-әрекетпен Сатыбалдының меншік есебіне жазылған «Хилтон» отелі Мемлекеттік мүліктер комитеті арқылы аукционға шығарылып, оны тағы да Қ.Сатыбалдының астыртын компаниялары арзан бағаға сатып алу әрекетін жасауда. ҚР Үкіметі жанындағы активтерді қайтару комиссиясы арқылы «Хилтон» қонақ үйі 4 (төрт) миллиарды теңгеге бағаланып, мемлекетке арзанға өткізілді. Бірақ тәуелсіз қаржы сарапшыларының есебі бойынша, бұл отельдің нарықтық бағасы 11 млрд теңгеден астам еді.
Алматы қаласының қақ ортасында орналасқан әлемдік талапқа сай қонақ үйі неге арзанға бағаланды? Айланың астары анық: Сатыбалдының ангажирленген компаниясы арқылы Мемлекеттік мүлік комитетінің аукционынан «Хилтонды» мейілінше арзан бағаға кері қарай сатып алу», — дейді ол.
Құрметті Берік Ноғайұлы!
Міне, менің депутаттық сауалыма арқау болған оқиғаның қысқаша мән-жайы осы. Экс-президенттің немере інісі қарапайым бизнесменге қатысты жасаған бұл әділетсіздіктің жай-жапсары Сізге бұрыннан бері егжей-тегжейлі мәлім деп ойлаймын.
Енді Сіздің басшылығыңыздағы ҚР Бас прокуратурасы осы қиянатты жағдайдың жай-жапсарын толық тексеру үшін арнайы қылмыстық іс қозғап, президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашысы болған әділеттілік принциптері негізінде «Хилтонның» заңды меншік иелеріне қатысты заңдылықты қалпына келтіруді сұраймын!
Егер Бас прокуратура мен Әділет министрлігінің көз алдында (бәлкім олардың қатысуымен) «Хилтон» қонақ үйі басқа біреудің меншігіне өтіп кететін болса, бұл барып тұрған әділетсіздік болады! Мен депутат ретінде бұл мәселені заңды және әділетті шегіне жеткізбей, тыным таппайтын боламын!
Ескерте кетейін, қонақ үйін басқаның мүддесіне алып беруге мүдделі ведомстволар бағалы активті тартып алып қана қоймай, оның заңды меншік иелерінің мойынына 4,5 миллиард теңге салық берешігін қосымша іліп берген! Бұл жөнінде мен ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымоваға депутаттық сауал жолдағанымда, агенттік тарапынан бұл істі сот органдары арқылы әділ шешуге болатынын және талап қоюшыларға сот барысында агенттік тарапынан көмек жасалатыныны жөнінде жауап алған едім.
Қысқасы, бұл әпербақан әрекеттің мәселесі ел президентінің құлағына жетеді деп ойлаймын, Егер жетпей жатса, мен оны қалай да жеткізуге тырысам…