«Алкотест дауы»: депутат қымыз ішкендер де жүргізуші куәлігінен айырылып жатқанын айтып дабыл қақты
Кез келген адамды үрлетіп, 001 болса да, «арақ ішті» деп шығарады да, 7 жылға куәлігінен айырады, 7 тәулікке қамайды.

Алкотест тапсырғанда дәрі ішкен тұтылып, арақ ішкен құтылып кетіп жүр. Мәжіліс депутаты полицияның қолындағы бұл құрылғының соңғы кезде қан құрамында алкогольдің бар-жоқтығын дұрыс көрсетпей жүргенін айтады, деп хабарлады КТК арнасы.
Мұрат Әбеновтің айтуынша, қымыз ішкендер де, асқазаны ауырып дәрі қабылдағандар да жүргізуші куәлігінен орынсыз айырылып жатыр.
«00 көрсетуі мүмкін емес. Бізде қалай жасалған? Барлығын 00 қылып қойған да. Кез келген адамды үрлетіп, 001 болса да, «арақ ішті» деп шығарады да, 7 жылға куәлігінен айырады, 7 тәулікке қамайды. Өте қиын жағдай. Жалпы, алкотестерді алып тастау керек. Қан тапсырсын, неге азаматтарды бірден 7 жылға куәлігінен айырады?!», — дейді Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов.
Заң бойынша, әр азамат алкотест тапсырмауға құқығы бар. Бірақ мұндай мүмкіндікті екінің бірі пайдалана бермейді дейді депутат. Соның салдарынан тәртіп сақшыларының айтқанына иланып, тест тапсырғаннан кейін, сараптама қорытындысы дұрыс шықпай жатады. Куәлігінен айрылғаннан кейін ғана байбалам салған 300-ден астам жүргізуші Әбеновтен мәселені бір жақты қылып шешіп беруді өтініпті. Қазір бұл қорытындысы күмән туғызатын алкотестерді қолданыстан алу мәселесі денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында. Дегенмен Мұрат Әбеновтің ұсынысымен, көптеген әріптестері келісе қоймады. Бір кездері ішкі істер вице-министрі болған, қазіргі сенатор Марат Қожаев тесттің алып тасталуы ішкілікке жақын жандарға «майдай жаққаннан басқа, пайдасы жоқ» деп отыр.
«Ондай проблема жоқ. Алкотест — жылдам оқиға орнында тексеру. Оны дәлелдеу үшін әрі қарай сараптамаға апаруға болады. Оны алып тастаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Ол жақсы құрал, керемет қолдану тәртібі бар. Халық өз құқығын біледі. Кейбір адамды тыңдай білсең, барлығы қымыз ішіп мас болып, құлап жатады», — дейді Сенат депутаты Марат Қожаев.



