Қоғам
Тренд

Перизат Қайраттың туыстарының Дубайда 2,67 млрд теңгенің пәтерлері бар екені анықталды

Олардың қатарында Burj Khalifa маңындағы Forte Tower II, Vida Dubai Mall Tower II және Azure Residence сияқты қымбат кешендердегі аумағы 74-тен 119 шаршы метрге дейін жететін пәтерлер бар.

Алаяқтық айыбымен 10 жылға бас бостандығынан айырылған Перизат Қайрат пен оның 7 жылға сотталған анасы Гайни Алашбаеваның ісіне қатысты жаңа, даулы дерек шықты.
Нақты айтар болсақ, Дубайдан Перизаттың туыстарының атына тіркелген қымбат мүліктер анықталған. Перизаттың нағашы ағасы Сәбит Алашбаевтың жұбайы Гүлбану Алашбаеваның атына Дубайда жалпы құны 5,9 млн доллар (шамамен 2,67 млрд теңге) болатын 7 элиталық пәтер рәсімделген.
Олардың қатарында Burj Khalifa маңындағы Forte Tower II, Vida Dubai Mall Tower II және Azure Residence сияқты қымбат кешендердегі аумағы 74-тен 119 шаршы метрге дейін жететін пәтерлер бар.

«Выход к морю» арнасының жазуынша, пәтерлер туристерге қысқа мерзімді жалға беріліп келген.

Ең қызығы, Алашбаевтар отбасы Қазақстанда ірі бизнесмендер қатарына жатпайды. Олардың атында небәрі екі жеке кәсіпкерлік тіркелген және өздері қарапайым риэлтор болып жұмыс істейді.

 Перизат Қайрат 2025 жылы алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру ісі бойынша 10 жылға сотталды. Анасы Ғайни Алашбаева 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сот ісі «Biz Birgemiz Qazaqstan» қоры арқылы жиналған 3,5 миллиард теңгенің жымқырылуына қатысты болды. Сотталғандардан жалпы құны 900 миллион теңгеге жуық мүлік тәркіленді.

 

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button