Қоғам

Қазақстан әскерилері Ресейге жетті: ҰҚШҰ-ның үш бірдей ауқымды оқу-жаттығуы басталды

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) Жедел әрекет ететін ұжымдық күштері Ресей Федерациясының аумағында ауқымды әскери оқу-жаттығуларын бастады. Шараға Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстаннан келген әскери контингенттер қатысып жатыр, – деп хабарлайды Tiek.kz ҰҚШҰ бірлескен баспасөз орталығына сілтеме жасап.

Оқу-жаттығулар Ресейдің Орталық әскери округіне қарасты «Чебаркүл» полигонында өтуде. Жиын барысында ҰҚШҰ әскерлерінің түрлі құрамдас бөліктерін даярлауға бағытталған үш негізгі жаттығу біріктірілген.

Полигонда қандай тапсырмалар пысықталады?

  • «Өзара іс-қимыл-2026» (Взаимодействие) командалық-штабтық оқу-жаттығуы: Шекара маңындағы қарулы қақтығыстарды оқшаулау бойынша бірлескен операцияларды дайындау және жүргізу мәселелеріне бағытталған.

  • «Іздестіру-2026» (Поиск) арнайы оқу-жаттығуы: Жедел әрекет ететін ұжымдық күштердің мүддесі үшін барлау жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу машықтары пысықталады.

  • «Эшелон-2026» арнайы оқу-жаттығуы: Әскерді материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуді ұйымдастыру сұрақтарына арналған.

«Үшінші елдерге қарсы бағытталмаған»

ҰҚШҰ Біріккен штабының бастығы, генерал-полковник Андрей Сердюков арнайы брифингте бұл іс-шаралардың алдын ала бекітілген жоспарға сай өтіп жатқанын ерекше атап өтті.

«Бұл оқу-жаттығулар ешқандай үшінші елдерге қарсы бағытталмаған. Оның басты мақсаты – басқару органдары мен әскерлердің өзара үйлесімділігін жетілдіру, сондай-ақ ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүддесінде күштер мен құралдардың өз міндеттерін орындауға деген тұрақты дайындығын сақтау», – деді ол.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button