Маңғыстау әкімдігіндегі кадрлық ауыс-түйіс: Ізбергенов пен Орынбасаров жаңа қызметке кірісті

ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен және облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың өкімімен Маңғыстау облысы әкімінің орынбасарлары тағайындалды. Өңірдегі маңызды лауазымдарға бұған дейін де осы аймақта басшылық қызметтер атқарған тәжірибелі мамандар келді, – деп хабарлайды Tiek.kz.
Қарапайым тас қалаушыдан бірінші орынбасарға дейін: Ербол Ізбергенов
Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымына Ербол Ізбергенов тағайындалды. Ол осыған дейін (2025 жылдың қыркүйегінен бастап) облыс әкімінің қатардағы орынбасары қызметін атқарып келген еді.
Ербол Күреңтайұлы өзінің еңбек жолын 1991 жылы құрылыс-монтаж учаскесінде қарапайым тас қалаушы болып бастаған. Кейінгі жылдары түрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметтерде ысылған:
-
Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары және облыстық құрылыс басқармасының басшысы;
-
ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мен Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінде басқарма басшысы;
-
«Ақтау теңіз порты» АЭА басқарма төрағасының орынбасары және «Атамекен» палатасының директоры;
-
2020-2023 жылдары аралығында Ақтау қаласы әкімінің орынбасары, кейін Ақтау қаласының әкімі қызметтерін абыроймен атқарды.
Сенаттан әкімдікке оралған экс-депутат: Бекбол Орынбасаров

Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары болып Бекбол Орынбасаров бекітілді. Ол соңғы үш жыл бойы (2023-2026 жж.) ҚР Парламенті Сенатының депутаты ретінде Қаржы және бюджет жөніндегі тұрақты комитетте қызмет еткен.
Бекбол Тілеумұратұлы еңбек жолын 1993 жылы «Баутино» кеден бекетінде инспектор болып бастаған. Оның карьералық өсу жолында мынадай маңызды белестер бар:
-
Ақтау қаласы әкімдігінде әкімнің көмекшісінен бастап, аппарат басшысы, бөлім басшысы және қала әкімінің орынбасарына дейінгі жолдан өткен;
-
ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде басқарма басшысы, «Каспий» ӘКК» ҰК» АҚ активтерді басқару департаментінің директоры болған;
-
2010-2019 жылдары аралығында жеке секторда, атап айтқанда «Отырар Энерджи» және «Адай» серіктестіктерінде бас директор қызметін атқарған;
-
2020-2023 жылдары «Ақтау теңіз порты» АЭА басқарма төрағасы, кейіннен Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары және бірінші орынбасары лауазымдарында еңбек еткен.



