Қостанай облысының Жітіқара ауданына қарасты Ырсай ауылында түлкі адамға шабуыл жасады деп хабарлайды Tiek.kz. Бұл туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарағаннан кейін аудан әкімдігі ресми түсініктеме берді.
Оқиға кезінде зардап шеккен тұрғынға уақытында медициналық көмек көрсетілген. Жедел түрде вакцина егіп, қажетті ем шарасы жасалған.
Аудан әкімдігінің ресми хабарламасында былай делінеді:
«Жәбірленушіге дер кезінде барлық қажетті медициналық көмек көрсетілді — вакциналау жүргізілді. Жағдайы тұрақты, ауруханаға жатқызу қажет етілмейді.»
Деректерге сәйкес, қазір орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы мемлекеттік органдармен бірлесіп, жағдайды бақылауға алып отыр. Қосымша қауіпсіздік шаралары қолға алынған.
Тұрғындарға ескерту
Жітіқара ауданы әкімдігі тұрғындардан сақтықты күшейтуді сұрайды:
- жабайы жануарларға жақындамау;
- жануар тістесе немесе тырнап алса, дереу дәрігерге қаралу;
- тек ресми және тексерілген ақпараттарға сену.
Ресми органдар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таралған кез келген расталмаған мәліметке сенбеуге шақырады.
