
Астанада сайлау учаскесінде бірнеше журналист ұсталды деген хабар тарады.
Астанадағы Оқушылар сарайында орналасқан референдум учаскесінен Азаттық тілшісі Жолдас Өрісбайдың ұстап әкеткені хабарланды. Онымен бірге Информбюро тілшісі де ұсталды деген ақпарат бар.
Бұдан бөлек, журналист Назира Дәрімбет Facebook-парақшасына журналист Сәния Тойкенннің де ұсталғанын жазды. «Астанада сағат 8 шамасында әріптесім, журналист Сәния Тойкенді полиция дауыс беру учаскесі маңынан ұстап әкетті. Телефоны жауап бермейді», — деп жазған еді. Айтуынша, Сәния Тойкеннің қай полиция бөлімінде екені белгісіз.
Бұл оқиға туралы полиция әзірге түсініктеме бере қойған жоқ.
Сондай-ақ, БАҚ өкілдері Оқушылар сарайына кейбір журналистердің жіберілмегенін айтады. Журналист Ләззат Сәлімованың айтуынша, өзімен бірге барған бес-алты журналист кіре алмаған. «Сол жерде тұрып қала әкімі Жеңіс Қасымбектің дауыс беріп шыққанын көрдік. Қосымша ақпарат алуға мүмкіндік болмады», — дейді журналист.
Бұған дейін құзырлы органдар референдум кезінде әзірге заңбұзушылықтар тіркелмегенін хабарлаған болатын.
«Полиция қызметкерлері дауыс беру залдарында болмайды. Олар тек комиссия төрағасының шақыруымен және қоғамдық тәртіп бұзылған жағдайда ғана кіре алады. Қазіргі уақытта елдегі жағдай – тұрақты, толық бақылауда. Қоғамдық тәртіп бұзу фактілері тіркелген жоқ», — ҚР ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев



