ҚоғамЗаң үстемдігі
Тренд

Қарағандыда Серік Сәпиевке қатысты жанжалға байланысты қылмыстық іс қозғалды (ВИДЕО)

Қарағанды қаласында Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің дене жарақатын алу фактісіне байланысты қылмыстық іс тіркелді

 Оқиға 21 қаңтар күні қаладағы спорт нысандарының бірінде болған.

Алдын ала мәліметке сәйкес, екі ер адам арасында әуелі сөзге келіспеушілік туындап, кейін жағдай төбелеске ұласқан. Соның салдарынан Серік Сәпиев жарақат алған.

Аталған дерек бойынша құқық қорғау органдары «соққыға жығу» бабы негізінде сотқа дейінгі тергеу басталғанын растады. Бұл бап айыппұл салуды, қоғамдық жұмыстарға тартуды немесе 25 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алуды көздейді.

Қарағанды облысы полиция департаментінің хабарлауынша, қылмыстық іс 42 жастағы қала тұрғынының арызы негізінде тіркелген. Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайы анықталып, тараптардың әрекетіне құқықтық баға беріледі.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі Серік Сәпиев пен оның орынбасары Даурен Есімхановтың ауруханаға түскені туралы тараған ақпаратты жоққа шығарды. Ведомство мәліметінше, басқарма басшылығы жұмыс орнында қызметін жалғастырып отыр.

Материал жарияланған сәтке дейін Серік Сәпиевтен және оның орынбасарынан ресми түсініктеме алынбады. Құқық қорғау органдары тергеу мүддесіне байланысты қосымша ақпарат әзірге берілмейтінін мәлімдеді.

Айта кетейік, Серік Сәпиев — 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы, бокстан екі дүркін әлем чемпионы және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері. Қазіргі уақытта ол Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасын басқарады.

 

View this post on Instagram

 

A post shared by Tiek (@tiek.kz)

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Басқа жаңалықтар

Back to top button