Елімізге Германиядан әкелініп, жерсіндірілген Пржевальский жылқысы құлындады
Орталық Қазақстан даласында Пржевальский жылқысының алғашқы құлыны дүниеге келді.

Орталық Қазақстан даласында Пржевальский жылқысының алғашқы құлыны дүниеге келді. Құлын 22 тамызда «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватының аумағындағы «Әліби» жабайы тұяқты жануарларды жерсіндіру орталығында туған.
Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Құлынның дүниеге келуі жерсіндіру бағдарламасының маңызды нәтижесі саналады және жануарлардың Қазақстан даласының табиғи жағдайына сәтті бейімделгенін көрсетеді. Табиғи жолмен көбею қабілеті – жануарлардың жағдайы жақсы екенін және алдағы уақытта Пржевальский жылқысының тұрақты популяциясын қалыптастыруға мүмкіндік барын көрсететін негізгі белгілердің бірі.
Алғашқы құлын – еркек. Ол туғаннан кейін көп ұзамай өздігінен аяққа тұрып, енесінің соңынан ерген және енесінің сүтін еме бастаған.
Мамандардың бақылауы бойынша құлын мен биенің жағдайы жақсы деп бағаланып отыр, – деп хабарлады Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы.
Құлынның енесі – 2024 жылы Берлиндегі Тирпарктен Қазақстанға әкелінген жеті жасар Тесса есімді бие. Бұл – оның алғашқы төлі.
Тессаға аналық мінез-құлық тән. Ол үнемі құлынының жанында болып, оны бақылап, қорғайды. Сонымен қатар құлынның айналаны өздігінен танып-білуіне мүмкіндік береді, – дейді мамандар.
Қазір құлын енесімен және үйірімен бірге жүр. Мамандар жануарлардың жағдайын, мінез-құлқы мен қозғалысын тұрақты бақылауды жалғастырып жатыр.
Енді бағдарлама аясында сырттан әкелінген ересек жануарлардың бейімделуімен қатар, Қазақстан даласында дүниеге келген Пржевальский жылқыларының алғашқы ұрпағының өсіп-жетілуі туралы да деректер жиналады.
Пржевальский жылқысын Қазақстанға қайтару бағдарламасы 2024 жылы басталған. Алғашқы жеті жылқы Еуропадағы хайуанаттар бақтарынан әкелініп, «Алтын Дала» резерватының аумағындағы «Әліби» жерсіндіру орталығына жеткізілген.



