Экономика

АҚШ-тың «көлеңкелі транзит» туралы есебі: Орталық Азия мен Қазақстан қауіп аймағында ма?

Ақ Үйдің ресми сайтында жаһандық саудадағы баж салығынан жалтару схемалары мен реэкспортты әшкерелеген ауқымды жаңа баяндама жариялады. Құжат халықаралық логистика мен аймақтық саудаға тікелей әсер етуі мүмкін, деп жазады Әлем және біз телеграм арнасы.

Құжаттың негізгі мазмұны:

Атауы: «The Great Transshipment Scam» (Көлеңкелі транзит схемасы).

Жарияланған уақыты: 2026 жыл, тамыз

Мазмұны: АҚШ енгізген жоғары тарифтерден (баж салығынан) жалтару үшін тауар өндірушілердің, әсіресе Қытай компанияларының  өнімдерді үшінші елдер арқылы реэкспорттау, жапсырмасын ауыстыру (relabeling), қайта қаптау (repackaging) және жалған құжат жасау арқылы Америка нарығына өткізу схемалары талданған.

Шығын көлемі: Құжаттағы талдауға қарасақ, ықтимал заңсыз транзит пен оған байланысты сауда ағынының көлемі жылына шамамен $40 млрд-тан $303 млрд-қа дейін бағаланып, ал АҚШ қазынасы ондаған миллиард долларлық салық түсімінен қағылып отыр.

Құжатта аты аталатын елдер: 

Баяндамада Қытай тауарларының бағытын өзгертуге қатысы бар 40-тан астам ел мен юрисдикция арнайы деңгейлерге (Tier) бөлініп көрсетілген:

Tier 1 (Ірі өндірістік және транзиттік хабтар): Канада, Еуропалық одақ, Үндістан, Израиль, Жапония, Мексика, Оңтүстік Корея, Тайвань сияқты АҚШ-пен сауда айналымы өте үлкен және Қытай өндіріс желілері терең интеграцияланған елдер.

Tier 2 (Өңдеу және логистикалық орталықтар): Оңтүстік-Шығыс Азия, Латын Америкасы және Шығыс Еуропаның бірқатар елдері (тауарды жартылай құрастырып немесе өңдеп экспорттайтындар).

Tier 3 (шағын және АҚШ барлауына кіретін елдер): Әлсіз кедендік бақылауы немесе тиімді логистикалық географиясы бар кішігірім елдер. Ақ үй бұл санатты Small, Opportunistic Chinese Targets деп атайды. Оған 24 мемлекет, соның ішінде Қазақстан мен Өзбекстан кірген. Құжат авторларының бағалауынша, бұл елдердегі күмәнді транзит көлемі Tier 1 және Tier 2 мемлекеттеріне қарағанда аз. Бірақ, олардың географиясы, логистикалық немесе сауда ерекшеліктері Қытай тауарларын қайта бағыттау үшін қолданылуы мүмкін. Мұндай «осал тұстар»  қатарына еркін сауда аймақтары, порттар мен шекараларға жетудің қолайлылығы, кедендік қоймалар, шағын құрастыру өндірістері және кейбір елдердегі кедендік бақылау мүмкіндігінің шектеулі жатқызылған.

Маңызды: Ақ үй бұл ерекшеліктердің қайсысы Қазақстанға қатысты екенін жеке көрсетпейді және Қазақстанның заңсыз реэкспорт жасағанын дәлелдеп отырған жоқ. Ел тек тәуекелі бар Tier 3 санатына енгізілген.

Қазақстан үшін қандай тәуекел бар?

Ақ үй сипаттайтын схемада Қытайда өндірілген тауар үшінші елде қайта қапталып, таңбаланып, аз ғана өңдеуден өтуі немесе құжаттары өзгертіліп, кейін басқа елдің өнімі ретінде АҚШ нарығына жіберілуі мүмкін. 

Сонымен қатар, есеп авторлары Қытайдан АҚШ-қа тікелей импорттың азайып, үшінші елдерден импорттың өсуі оның бәрі заңсыз реэкспорт дегенді білдірмейтінін арнайы ескертеді. Оның бір бөлігі өндіріс пен жеткізу тізбектерінің заңды түрде басқа елдерге ауысуынан болуы мүмкін.

АҚШ бақылауды AI арқылы күшейтпек

Ақ үй қазір Detective Border деп аталатын AI жүйесін әзірлеп жатыр. Ол сауда деректері мен жүк маршруттарын салыстырып, экспорт көлемінің елдің нақты өндірістік қуатына сәйкестігін тексеріп, күмәнді жеткізілімдерді анықтауға көмектесуі тиіс.

Заң бұзылғаны анықталса, АҚШ кедені төленбеген бажды өндіріп алу, айыппұл салу, жүкті тоқтату немесе тауарды АҚШ нарығына кіргізбеу сияқты шаралар қолдана алады.

✅ Түйін: құжат Қазақстанға жаңа тариф немесе санкция енгізбейді. Бірақ, Қазақстанның Tier 3 тізіміне кіруі транзиттік хаб болудың да аса мұқият болуды қажет етеін тұстары барын көрсетіп отыр: АҚШ – Қытай сауда соғысы күшейген сайын тауардың шынайы шыққан жерін дәлелдеу мен жеткізу тізбегінің ашықтығы маңызды бола түседі. Нағыз Қазақстандық өндірушілер өз өнімдерінің толық локализациясын және жеткізу тізбегінің ашықтығын дәлелдей алатындай құжаттамалық база қалыптастыруы қажет.

https://www.whitehouse.gov/wp-content/uploads/2026/08/The-Great-Transshipment-Scam.pdf?utm_source

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button