Vietjet Qazaqstan әуе компаниясы Астана-Павлодар-Астана бағытында алғашқы рейсін орындады

22 тамызда Vietjet Qazaqstan әуе компаниясы Павлодар әуежайындағы ұшу-қону жолағын қайта жаңарту жұмыстары аяқталғаннан кейін Астана — Павлодар — Астана бағыты бойынша алғашқы рейсін орындады.
Жаңа бағыттың іске қосылуы əуекомпанияның ішкі бағыттар желісін дамытудағы жəне Қазақстан өңірлері арасындағы көлік қатынасын нығайтудағы кезекті қадам болды. Vietjet Qazaqstan Астана — Павлодар — Астана бағыты бойынша тұрақты субсидияланатын рейстерді 2026 жылдың 1 қыркүйегінен бастап орындай бастайды.
Ұшулар аптасына төрт рет — сейсенбі, бейсенбі, сенбі жəне жексенбі күндері жүзеге асырылады. Аталған бағыт бойынша əуебилетінің құны 15 000 теңгені құрайды, бұл екі қала арасындағы əуе сапарларын жолаушылар үшін қолжетімді ете түседі.
Жаңа бағыт елорда мен Павлодар арасында ыңғайлы тікелей əуе қатынасын -қамтамасыз етіп, іскерлік жəне жеке сапарлар үшін қосымша мүмкіндіктер туғызады, сондай-ақ ішкі туризм мен іскерлік белсенділікті арттыруға ықпал етеді.
«Астана мен Павлодар арасында рейстерді іске қосу — ішкі бағыттар желісін кеңейтудегі маңызды кезең. Біз ел өңірлерін тікелей рейстермен байланыстыра отырып, Қазақстан бойынша əуе сапарларын қолжетімді əрі ыңғайлы етуге ұмтыламыз», — деп атап өтті Vietjet Qazaqstan-ның Басқарма Төрағасы Əділбек Умралиев.
Vietjet Qazaqstan ұшу географиясын кеңейтіп, Қазақстан бойынша жайлы əрі қолжетімді саяхаттар үшін жаңа мүмкіндіктер жасай отырып, ішкі бағыттар желісін одан əрі дамытуда.
VIETJET QAZAQSTAN компаниясы туралы
VIETJET QAZAQSTAN — Қазақстанда орналасқан жəне «QAZAQ AIR» мен «Vietjet» арасындағы стратегиялық серіктестік шеңберінде өз қызметін жүзеге асыратын əуекомпания. 2025 жылы «QAZAQ AIR» компаниясы жекешелендірілді; оның акционерлері қатарына «Самұрық-Қазына» АҚ, Central Asia Aviation Holdings Limited (Вьетнамның «Sovico» тобының құрамына кіреді) жəне Kazasia Holdings Limited кірді.
2025 жылғы 6 мамырда «QAZAQ AIR» мен «Vietjet» компаниялары стратегиялық серіктестік пен «VIETJET QAZAQSTAN» брендінің іске қосылғанын хабарлады. Компания туралы қосымша ақпаратты vietjetqazaqstan.kz сайтынан табуға болады.



