«Арқалық әуежайы ертең өзінің алғашқы әуе рейсін қабылдайды» — облыс әкімі
1 қыркүйектен бастап тұрақты рейстер орындалады.

Арқалық қаласындағы көптен күткен әуежайдың құрылысы аяқталып, рейс қабылдауға дайын. Бұл туралы Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов сүйіншіледі, деп жазады tiek.kz.
Әкімнің айтуынша, ертең яғни 22 тамызда Арқалық әуежайы өзінің алғашқы әуе рейсін қабылдайды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Арқалық қаласы әуежайының құрылысы аяқталды. Бүгінде барлық сертификаттау рәсімдері толық аяқталды.
3 тамызда әуежайдың авиациялық қауіпсіздік қызметінің №8/26 сертификаты алынды.
18 тамызда «Қазаэронавигация» РМК-ның аэронавигациялық қызметтерді жеткізуші ретіндегі №21 сертификаты алынды.
21 тамызда АРД сериялы №KZ01VKC00000389 аэродромның жарамдылық сертификаты берілді.
Қазіргі уақытта Арқалық әуежайы CRJ200 үлгісіндегі өңірлік жолаушылар әуе кемелерін қабылдауға және қызмет көрсетуге дайын.
Өткізілген конкурс қорытындысы бойынша аталған әуе бағыттарының жеңімпазы – «SCAT» әуе компаниясы» АҚ.
22 тамызда Арқалық әуежайында алғашқы әуе рейсін қабылдау жоспарланған.
1 қыркүйектен бастап тұрақты рейстер орындалады. Арқалық әуежайының қайта іске қосылуы –
Торғай өңірінің көлік қолжетімділігін арттырып, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа мүмкіндік беретін маңызды қадам. Құтты болсын!», — деп жазған облыс әкімі өзінің facebook парақшасында.
Облыс әкімінің жазуынша, Арқалық әуежайы аптасына екі рет ұшақ қабылдайды.
Әр сейсенбі:
— Алматы – Арқалық: 08:50–10:50
— Арқалық – Қостанай: 11:50–12:40
— Қостанай – Арқалық: 13:40–14:30
— Арқалық – Астана: 15:30–16:20
— Астана – Арқалық: 17:50–18:40
— Арқалық – Алматы: 19:40–21:35
Әр сенбі:
— Алматы – Арқалық: 08:40–10:40
— Арқалық – Қостанай: 11:40–12:30
— Қостанай – Арқалық: 13:30–14:20
— Арқалық – Астана: 15:15–16:05
— Астана – Арқалық: 17:35–18:25
— Арқалық – Алматы: 19:25–21:15
Бұған дейін Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті Арқалық әуежайына халықаралық IATA — AYK коды берілгенін хабарлаған еді.
Үш әріптен тұратын кодты Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы 12 тамызда ресми түрде бекіткен. Осылайша Арқалық әуежайын әлемдік әуе билеттерін брондау және рәсімдеу жүйелеріне, рейстер кестесіне және азаматтық авиацияның басқа да ақпараттық жүйелеріне біріктіруге мүмкіндік ашылып отыр.
Әуежай 1998 жылдан бері пайдаланылмаған.
2025 жылғы наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әуежайды қалпына келтіруді тапсырған.



