Жолбарыс үйлерге жақындаса, тұрғындарға SMS арқылы ескерту келеді

Балқаш маңындағы тұрғындарға Үміт атты жолбарыс елді мекендерге жақындаған жағдайда телефон арқылы ескерту хабарламалары жіберіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
Резерваттың аумағы толығымен қоршалған, ал ең жақын үйлер 60 шақырым қашықтықта орналасқан. Жолбарыстың қозғалысы GPS қарғыбау мен фототұзақтардың көмегімен тәулік бойы бақыланады.
«Табиғатқа жібермес бұрын оған спутниктік GPS қарғыбау тақтық. Оның көмегімен, сондай-ақ фототұзақтар арқылы жолбарыс ұрғашысының барлық қозғалысын тәулік бойы бақылап отырмыз. Ол жаңа аумаққа бейімделіп үлгерді және жергілікті жануарларды аулап жүр. Бұл аймақта жақын маңда үйлер мен фермалар болмағандықтан, үй жануарлары мен мал жоқ», деді «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты бөлімінің басшысы Нариман Қасабеков.
Қорық жасыл, сары, қызыл бақылау аймақтарына бөлінген. Жануар қауіпсіз аумақтан шыққан жағдайда, жанжалдың алдын алу тобы іске кіріседі.
«Резерват үш аймаққа бөлінген: жасыл, сары, қызыл. Егер жолбарыс сары аймаққа өтсе, антиконфликтік топ оны үркіту бойынша тиісті шараларды қолданады: тарсылдатқыштар, петардалар пайдаланылады және жолбарысты жасыл аймаққа қайтару шаралары жүргізіледі. Егер жолбарыс қызыл аймаққа өтсе, оны уақытша ұйықтатып, жасыл аймаққа көшіру туралы шешім қабылданады», деді ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі басқармасының басшысы Әнуарбек Бермағамбетов.
Өңір тұрғындарына қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп жатыр. Ал жыртқыш малға шабуыл жасаған жағдайда, билік өтемақы төлеуді қарастырған.
Бұған дейін жыртқыш қазақ даласына келген күннен бастап түрлі суреттер тарап, оның фейк екені анықталған болатын.



