Қостанай облысы шикізат өңдеу мен экспорт жағынан көш алдында келеді

Бүгінде Қостанай облысы өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау көлемі бойынша елімізде бірінші орында тұрған өңір болып отыр.
Сондай-ақ, агроөнеркәсіптік кешені де тұрақты жаңартылып, ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу көлемі де жылдан-жылға артып келеді.
Мәселен, тек осы жылдың өзінде Қостанай қаласында жылына 40 мың тоннадан астам макарон өнімдерін шығаратын зауыт пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр. Сонымен қатар, Лисаковск қаласында қуаты жылына 350 мың тонна болатын май экстракциялау зауытының құрылысы жүргізілуде. Алдағы уақытта Рудный қаласында жылына 415 мың тонна астықты терең өңдейтін зауыт салу жоспарланған. Мұнда өндірілетін биоэтанол тұрақты авиациялық отын (SAF) өндіруге арналған шикізат ретінде пайдаланылмақ. Сондай-ақ Бейімбет Майлин ауданында қуаты жылына 300 мың тонна болатын майлы дақылдарды сақтау және өңдеу кешенінің құрылысы жүріп жатыр.
Осы жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде астықты өңдеу қуаты болашақта шамамен 1 млн тоннаға артып, жылына орта есеппен 3 млн тоннаға жетеді.
Майлы дақылдарды өңдеу көлемі де айтарлықтай ұлғаяды. Жаңа жобаларды ескергенде, өңірдегі майлы дақылдарды өңдеудің жиынтық қуаты жылына 650 мың тоннаға дейін жетеді.
Жалпы, аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде облыстың өңдеуші кәсіпорындарының өндірістік қуаты 50 пайызға артады деп күтіліп отыр.
Айтпақшы, Қостанай бренді «Баян Сұлу» кәсіпорны да дамудың кезекті кезеңі кезеңіне аяқ басып жатқанын айта кету керек. Нақты айтар болсақ, компания «Кондитерлік астана» жаңа технологиялық кешенін іске қосып жатыр. Бұл мүмкіндіктерді кеңейтіп, облыстың тамақ өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін беріп, жобаға салынатын инвестиция көлемі 14,6 млрд теңгеден 20 млрд теңгеге дейін арттырмақ.
Жаңа өндірісте бисквит өнімдері мен печенье шығаруға басымдық берілген. Жаңа өндірістік қуаттар экспорт көлемін арттыруға да жол ашады. Осылайша, бір инвестициялық жоба бірнеше маңызды міндетті қатар шешуге мүмкіндік береді. Жобаның ашылуы барысында өңір басшысы аталмыш жобаның өндіріс көлемін ұлғайту, отандық шикізатты терең өңдеу, халықты жұмыспен қамту және қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Кондитерлік астана» жобасын жүзеге асыру Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу үлесін арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындаудағы маңызды қадам. Облыс үшін жергілікті шикізатты барынша пайдалану, терең өңдеуді дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және экономикалық тиімділігі жоғары өнім өндіру аса маңызды. Мұндай жобалар өңір экономикасын нығайтып қана қоймай, оның өнеркәсіптік және экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
«Баян Сұлу» АҚ-ның жаңа кешені кәсіпорынның жылдық өндірістік қуатын 16,6 мың тонна кондитерлік өнімге арттырады. Жоба толық қуатына шыққаннан кейін кәсіпорын жыл сайын 68 мың тоннаға дейін өнім өндіретін болады.
Осының нәтижесінде Қостанай облысы кондитерлік өнім өндіру көлемі бойынша еліміздегі көшбасшы өңірлердің біріне айналады.
Кондитерлік өнімдер – жай ғана азық-түлік емес. Олар әрдайым адам өміріндегі қуанышты сәттермен байланысты. Дастарқанға тәтті тағам қойылғанда, онымен бірге ерекше көңіл-күй де келеді. Балалардың күлкісі, үлкендердің қуанышы, мерекелік көңіл-күй мен отбасылық жылылық қатар сезіледі. Жаңа «Кондитерлік астана» кешені сапалы әрі сұранысқа ие өнім өндіретін кәсіпорын ғана емес, Қазақстандағы және одан тыс жерлердегі миллиондаған адамға қуаныш сыйлайтын өндіріс ошағына айналсын, – деп атап өтті Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.



