Қоғам

ІІМ негізсіз айыппұлдар жазылып жатқанын мойындады

Қате жазылған айыппұлдар автоматты түрде жойылатын болды.

ІІМ ақпараттық жүйедегі техникалық ақау салдарынан қате қалыптастырылған нұсқамаларға қатысты жағдайды түсіндірді.

» Құрметті жүргізушілер! Қазір тасжолдардағы жылдамдыққа қатысты айыппұлдар бойынша біраз сұрақ туындағанын көріп отырмыз. Сондықтан не болғанын қысқаша түсіндіргіміз келеді.

13-14 тамыз аралығында Бас прокуратураның «ЕРАП» ақпараттық жүйесінде нұсқамаларды автоматты түрде қалыптастыру кезінде техникалық ақау болды. Соның салдарынан орташа жылдамдықты асыру бойынша кейбір бұзушылықтар бір-сәттік жылдамдықты асыру ретінде қате рәсімделген. Қазір әріптестерімізбен бірлесіп, техникалық ақаудың салдарын жою бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз.

Жүргізушілерге айтарымыз: ешқайда барудың, полицияға жүгінудің немесе дәлелдеудің қажеті жоқ. Қате қалыптастырылған барлық нұсқама анықталды және олар автоматты түрде жойылады.

Тағы да атап өтеміз: мәселе тек тасжолдарда аталған техникалық ақаудың салдарынан қате рәсімделген айыппұлдар туралы болып отыр. Ал мұндай айыппұлдарды төлеп қойған жүргізушілерге қаражатты қайтару мәселесі қазір пысықталып жатыр. 

Жағдай бақылауда, — деді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button