Бақытжан Базарбек жол апатына қатысты алғаш рет пікір білдірді

Бұрынғы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Жамбыл облысында болған жол апатына қатысты алғаш рет пікір білдірді, деп хабарлады tiek.kz.
Ол әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа байланысты әйелі екеуі сотқа дейінгі тергеу деректерін жария етпеу туралы қолхат бергенін айтты. Қазір қажетті сараптамалар жүргізіліп жатыр.
Базарбек тергеу органдары оқиғаның барлық мән-жайына заң аясында объективті баға береді деп сенетінін жеткізді.
Сондай-ақ, ол қазіргі басты міндеті зардап шеккен азамат пен оның отбасына қолдау көрсету екенін атап өтті.
Сондай-ақ ол аудандық аурухана дәрігерлеріне, Денсаулық сақтау министрлігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасына жедел медициналық көмек көрсеткені үшін алғыс білдірді.
Алдын ала мәлімет бойынша, жол апаты Жамбыл облысының Рысқұлов ауданында болған. Toyota көлігінің жүргізушісі жол бөлігінде тұрған ер адамды қағып кеткен. Зардап шеккен азамат ауыр жағдайда жансақтау бөліміне жеткізілген.
Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалған. Базарбек тергеудің ресми нәтижесін күтпей тұрып қорытынды жасамауға шақырды.
Жол апаты 15 тамызда Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тасжолында болған. Полицияның алдын ала мәліметінше, Toyota көлігін басқарған Б. есімді азамат жолдың жүріс бөлігінде тұрған ер адамды қағып кеткен.
Бейресми деректе жолда бұған дейін басқа көлік сиырды қағып кеткені, бірнеше адам малдың өлексесін жол жиегіне шығаруға кіріскен кезде олардың бірін Toyota RAV4 басып кеткені айтылған. Жол апатына байланысты қылмыстық іс қозғалып, қажетті сараптамалар тағайындалды.



