Оқиға
Тренд

2 адамды күйік шалды: Қарқаралыдағы өрттің беті әлі қайтар емес

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында Жаңатоған ауылының маңындағы өрт әлі ауыздықталмай жатыр.

ТЖМ аумақтағы жағдайды бағалау мақсатында мамандар әуеден визуалды тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.

«Қазіргі уақытта елді мекендерге ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Дегенмен қатты жел жағдайды күрделендіріп отыр», — делінген хабарламада.

Қарағанды облысының Шет, Ақтоғай, Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарында дала өрттері тіркелді. Өртті сөндіруге 620 адам мен 134 техника жұмылдырылған.

Қарағанды облысы ТЖД мәліметінше, Қарқаралы ауданында 1989 және 1970 жылы туған екі ер адам медициналық көмекке жүгінген. Олардың бірінің денесінің 10%-ы, екіншісінің 20%-ы күйген. Қазір екеуі де ауруханада жатыр, жағдайлары тұрақты деп бағаланып отыр.

Ең күрделі жағдай Жаңатоғай ауылының маңында сақталған. Мұнда екі топ жұмыс істеп жатыр, 159 адам мен 52 техника жұмылдырылған. Жағдайды бағалау үшін әуеден барлау жүргізілді. Жаңа өрт ошақтары анықталмаған, елді мекенге қауіп төніп тұрған жоқ.

Сонымен қатар Бесоба ауылының маңындағы қыстақтарға жақын жерде тұтанған үш өрт толық сөндірілді.

Ақтоғай және Шет аудандарында өрт ауыздықталып, жағдай тұрақты болып отыр.

ТЖД мәліметінше, өрттің таралуына қатты жел әсер етіп отыр. Өрт сөндіру жұмыстарын үйлестіру үшін департаментте жедел штаб жұмыс істеп жатыр.

Табиғи өрттерді жою мәселесі Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте қаралды. Облыс әкімі өрт жағдайын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

 

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button