«Қаржылық мониторинг агенттігіненбіз»: Түркістанда дәрігерлерден 15 млн теңге бопсалағандар ұсталды

Қаржылық мониторинг агенттігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру саласындағы қаражат жымқыру деректерінің жолын кесу бойынша жұмыс жүргізіп жатқан тұста алаяқтық жағдайлары жиілеп кеткенін хабарлады.
Алаяқтар өздерін Агенттік қызметкерлері ретінде таныстырып, «анықталған заңбұзушылықтарды» алға тартып, медицина мекемелерінің басшыларын қылмыстық жауапкершілікке тартамыз деп қорқытып, ақша тала ете бастаған. Сыйақы берсе, жауапкершілікке тартпауға уәде етіп, ақша бопсалауға көшкен.
«Осындай алаяқтық схеманың жолы Түркістан облысында кесілді. Осы жылғы 8 тамызда оларды Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері Агенттіктің Өзіндік қауіпсіздік департаментімен бірлесіп, қылмыс үстінде ұстады», — делінген ҚМА хабарламасында.
Сот сыбайластарға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді. Тергеу жалғасып жатыр. ҚМА ескертеді: жауапкершілікке тартамыз деп қорқытып немесе жазадан құтылуға көмектесеміз деп уәде беріп, ақша талап ету — заңсыз әрекет.
Мұндай деректер туралы ҚМА Call-орталығына 1458 нөмірі арқылы дереу хабарлау қажет. Азаматтарды қаржылық мониторинг органдарына шақыру тек өндірістегі сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде, заңда белгіленген тәртіппен ресімделіп, жолданған ресми шақыру қағаздары негізінде ғана жүзеге асырылатынын ескертеміз. Азаматтарды сақ болуға, арандатушылыққа және алаяқтардың айласына ермеуге шақырамыз.



