«Қаражат жымқырып, фейк ақпарат таратты»: прокурор Orda.kz-тің бұрынғы бас редакторының кінәсі толық дәлелденгенін мәлімдеді
Прокурор Бажкеноваға жазаны 2 жылға кейінге қалдыра отырып, 8 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады
Бүгін сот процесі барысында прокурор Orda.kz-тің бұрынғы бас редакторы Гүлнар Бажкенованың бірден үш эпизод бойынша кінәсі толық дәлелденгенін мәлімдеді. Бұл заңсыз кәсіпкерлік қызмет, сеніп тапсырылған ақшалай қаражатты аса ірі мөлшерде жымқыру және көрінеу жалған ақпарат тарату.
Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, сот процесі барысында қылмыстық іс бойынша келтірілген дәлелдемелер біртұтас әрі бір-біріне толық үйлесетін көрініс қалыптастырған. Оған жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтары, оларды растайтын банк және бухгалтерлік құжаттар, салық деректері, сондай-ақ мамандардың қорытындылары мен сот сараптамалары негіз болған. Прокурор қорғау тарапының бұл материалдарды жоққа шығара алатын объективті дәлелдер ұсынбағанын ерекше атап өтті.
Атап айтқанда, бірінші эпизод заңсыз кәсіпкерлік қызметке қатысты болған еді. Прокурордың мәлімдеуінше, Г.Бажкенова кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркелмегеніне қарамастан, пайда табу мақсатында Алматы қаласындағы пәтерлерді жүйелі түрде сатып алып, қайта сатқан. Бұл ретте төленбеген жеке табыс салығының сомасы 12,12 млн теңгені құрайды.
Тағылған ең ауыр айып «Орда Медиа KZ» ЖШС қаражатын жымқыруға байланысты болды. Айыптаушы тараптың нұсқасына сәйкес, Г.Бажкенова өзіне берілген басшылық өкілеттіктерін асыра пайдалана отырып, компания ақшасын жеке кәсіпкердің шотына аударуды ұйымдастырған. Тергеу барысында бұл жеке кәсіпкердің редакция қызметкері болып шыққаны анықталды. Мұндай операциялардың жалпы сомасы 84,2 млн теңгені құраған. Куәгер сотта бұл операциялардың сотталушының өтініші бойынша жүргізілгенін растады.
Бұған қатысты қорғау тарапы ақша қызметкерлерге жалақы төлеуге арналғанын және «қос бухгалтерияның» болғанын ғана айтты. Алайда прокурор атап өткендей, сотқа бұл нұсқаны растайтын төлем тізімдемелері де, кассалық ордерлер де, қызметкерлердің қолхаттары да, өзге құжаттар да ұсынылмаған.
Айыптау тарапы компания шотынан Haileybury Almaty жекеменшік мектебіне тікелей аударылған 4,64 млн теңгеге де жеке тоқталды. Бұл сотталушының ұлы білім алған мектептің оқу ақысы болып шыққан. Г. Бажкенованың өзі бұл фактіні жоққа шығармай, компаниядан ақшаны қарызға алғанын мәлімдеді. Алайда іс материалдарында заңды тұлғаның қаражатын жеке мақсатқа пайдалануға рұқсат беретін қарыз туралы шарт та, серіктестік қатысушыларының тиісті шешімі де жоқ, ал компанияның ақшасы қайтарылмаған.
Тағылған айыптың үшінші блогы Г.Бажкенованың кәсіби қызметіне тікелей қатысты болды. Прокурор оған тиесілі Orda.kz интернет-ресурсы арқылы шындыққа сәйкес келмейтін және азаматтар мен ұйымдардың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтер таратылғанын мәлімдеді. Жәбірленушілердің барлығы редакция жарияланған мәліметтерді жоққа шығарды, ал қорғау тарапы жарияланған материалдардың шынайылығын растайтын объективті дәлелдер ұсынбаған.
Сонымен қатар, сот тергеуі барысында редакцияның аталған материалдарды жариялағанға дейін жәбірленушілердің пікірін де, ақпаратты растауын да сұрап хабарласпағаны анықталды.
Жәбірленушінің қатарында болған Алматы қаласы прокурорының бұрынғы орынбасары Н. Ауғанбаевқа қатысты эпизод ең жарқын мысалдардың бірі. 2024 жылы Orda.kz оның ұсталғаны туралы ақпарат жариялаған. Бұл мәлімет Бас Прокуратура тарапынан теріске шығарылса да Г. Бажкенова материалды сайт пен әлеуметтік желідегі парақшаларында орналастырған.
Айыптау тарапының бағалауынша, сотталушы кәсіби адалдығына қойылатын ең төменгі талаптарды да орындамаған. Ол мәліметтерді тексермеген, жалған айыптаулар тағылған тұлғалардың ұстанымын сұратпаған және жекелеген жағдайларда құзыретті мемлекеттік органдар растамаған ақпаратты жариялаған.
Нәтижесінде прокурор соттан Гүлнар Бажкенованы тағылған барлық баптар бойынша кінәлі деп тануды сұрады. Атап айтқанда, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін – 1 жыл 6 айға (ҚК 274-бабы 2-бөлігінің 1 мен 3-тармақтары), сеніп тапсырылған мүлікті аса ірі мөлшерде жымқырғаны үшін – 8 жылға (ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы), заңсыз кәсіпкерлік қызметі үшін – 2 жыл 6 айға (ҚК 214-бабы 2-бөлігінің 2-тармағы) бас бостандығынан айыруды сұрады.
Тағылған айыптаулардың жиынтығы бойынша прокурор түпкілікті 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, сондай-ақ айыптауда көзделген журналистік, жария және басшылық қызмет түрлерімен айналысуға 5 жыл мерзімге тыйым салуды сұрады. Сонымен бірге прокурор бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеуді 2 жылға кейінге қалдыруды да сұрады.



