
Алматы қаласының 4 ауданында жарық өшті деген ақпарат тарады.
Stan.kz сайтының жазуынша, жарық 14 тамыз күні сағат түскі уақытта өшті. Редакция “Алатау-жарыққа” компаниясына жарықтың сөні себебін сұраған болатын. Компания апаттық ажырату салдарынан өшіруге мәжбүр болғанын мәлімдеген.
“Сағат 14:38-де «KEGOC» АҚ-ға тиесілі 500 кВ Л-5400, Л-5300 және Л-5320 әуе электр беру желілерінің апаттық ажыратылуы нәтижесінде «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ желілерінде апатқа қарсы автоматика (САОН, АЧР) іске қосылды, нәтижесінде Алматы қаласы мен Алматы облысындағы электр энергиясы өшірілді”, – деп жазды хабарламада.
Алматы қаласының 4 ауданында жарық сөнді, олар:
- Бостандық ауданы
- Наурызбай ауданы
- Әуезов ауданы
- Алатау ауданы
Алматы облысы бойынша жарық өшкен:
- Жамбыл;
- Балқаш;
- Есік;
- Қарасай;
- Шелек;
- Райымбек;
- Ұйғыр;
- Іле;
- Кеген;
- Талғар аудандарында электр қуаты өшірілді.
Энергетиктер электрмен жабдықтауды қалпына келтірумен айналысып жатыр. Жарық қашан жанатыны әзірге белгісіз.
«Жетісу облысы, Ескелді ауданы, Шымыр ауылында жарық та, су да жоқ», – деп хабарлады оқырман.
Шымкент тұрғындары да жарықтың жоғын айтып, шағымданып жатыр.
Қырғызстан астанасында да жарық өшті
Сондай-ақ Бішкектің кейбір аудандарының тұрғындары электр қуатының сөніп қалғанын айтты. Kaktus.media басылымындағы әріптестердің мәліметінше, жарықтың өшкені туралы алғашқы хабарламалар шамамен сағат 15:00-де түскен. Тұрғындар Тыныстанов пен Тоқтоғұл көшелері маңында электр қуатына қатысты ақау болғанын айтқан.
Кейін Ибраимов – Бөкөнбаев, Абдрахманов – Ибраимов көшелері маңынан, «Аламедин-1» шағынауданынан, Сүйінбаев – Жібек Жолы көшелері қиылысынан, «Жастар кварталынан», Ахунбаев – Айтматов даңғылы маңынан, сондай-ақ Селекционное ауылынан жарыққа қатысты шағымдар түскен.
Сонымен қатар Қолбаев көшесінде, №70 мектеп маңында және Орозбеков – Түгөлбай Ата көшелерінің қиылысында да электр қуаты үзілген.



