Бірінші сыныпқа баратын 380 мың оқушының 71 пайызы қазақша оқуды таңдаған

Қазақстанда балаларды бірінші сыныпқа қабылдау жалғасып жатыр. Жаңа оқу жылында 380 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын аттайды деп күтілуде.
Қазірдің өзінде олардың 320 мыңға жуығы, яғни шамамен 84 пайызы мектепке қабылданған. Оның 296 мыңға жуығы мемлекеттік, 23 мыңға жуығы жекеменшік мектептерде білім алады.
Қалалық мектептерге 191 мыңға жуық, ауылдық мектептерге 128 мыңға жуық бала қабылданған. Сондай-ақ білім беру ұйымдарына ерекше білім беру қажеттіліктері бар 4 мыңға жуық бала қабылданды.
Бірінші сынып оқушыларының 71 пайыздан астамы қазақ тілінде, 26 пайыздан астамы орыс тілінде, ал шамамен 2,5 пайызы өзге тілдерде білім беретін сыныптарды таңдаған. Сонымен қатар өзге ұлт өкілдерінің 2 мыңнан астам баласы қазақ тілінде білім беретін сыныптарға қабылданды.
Бірінші сыныпқа баратын балалар саны ең көп өңірлер қатарында Түркістан облысы – 50 мыңнан астам, Алматы облысы – 35 мыңнан астам, Астана – 33 мың, Алматы – 31 мыңнан астам, Шымкент – 29 мыңнан астам бала бар.



