Қоғам
Тренд

Қостанайда 100 долларға адам сабап жүрген тұрғын ұсталды

Қостанай қаласының №2 соты ақшаға адам сабаған  адамға үкім шығарды.

Сот материалдарына сәйкес, айыпталушы заңсыз табыс табу үшін Telegram мессенджерінде тіркеліп,  адам сабауға тапсырыс алып отырған.

2026 жылғы наурыздың соңында оған белгісіз адамнан тапсырма түскен. Тапсырыс беруші К. есімді азаматты тауып, оны 100-200 доллар сыйақы үшін соққыға жығуды сұраған.

Тергеу деректеріне сүйенсек, айыпталушы алдын ала сөз байласқан өзге адамдармен бірге жәбірленушінің жүрген жерін анықтап, кейін соққыға жыққан. Тапсырманы орындағаннан кейін оған 100 доллар төленген.

Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы ер адамды 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Айыпталушы кінәсін толық мойындап, қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жаза тағайындауды өтінген.

Ал жәбірленуші сотталушыға талап-арызы жоқ екенін айтып, оған қатаң жаза бермеуді сұраған.

Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігінде мұндай қылмыс үшін 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Сот айыпталушының кінәсін мойындауы мен шын өкінуін жеңілдететін мән-жай деп таныды. Ал қылмыстың алдын ала сөз байласқан топ құрамында жасалуы жазаны ауырлататын жағдай ретінде есепке алынған.

Нәтижесінде ер адам 4 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейтін болды.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button