Әлем

Колумбиядағы жойқын жер сілкінісінен жүзден аса адам қаза тапты

Колумбияда болған күшті жер сілкінісінен 132 адам қаза тауып, 570 адам жарақат алды. 

Биліктің мәліметінше, елдегі 32 қалада төтенше жағдайдың «қызыл» деңгейі жарияланған. Жер сілкінісінен ең көп зардап шеккен аймақтардың қатарында Перейра қаласы мен Кофе өңірінің басқа да аудандары, сондай-ақ Валье-дель-Каука және Чоко департаменттері бар.

Жер сілкінісі дүйсенбі күні таңертең болған. Оның магнитудасы 7,4-ке жетті. Жер сілкінісінің ошағы Чоко департаментіндегі Сан-Хосе-дель-Пальмар муниципалитеті аумағында орналасқан.

Жерасты дүмпулері Колумбияның басым бөлігінде, сондай-ақ көршілес елдерде сезілген. Табиғи апат салдарынан 1575 тұрғын үй бүлінген. Оның 37-сі толық қираған. Сонымен қатар 18 медициналық нысанға, 52 білім беру мекемесіне, 18 жолға және жеті әуежайға зақым келген.

Колумбия билігі болған жағдайға байланысты табиғи апатты ұлттық ауқымдағы төтенше жағдай деп жариялады. Қазір зардап шеккен өңірлерде құтқару және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button