Қоғам
Тренд

Ректорлық және әкімдік гранттар бар: министрлік баласы оқуға түсе алмаған ата-аналарға үндеу жасады

Оқуға түсе алмаған талапкерлерді университеттер ұсынған 2 мыңнан астам ректорлық және тағы 2 мыңнан астам әкімдік беретін грантқа үміткер болуға шақырды.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мемлекеттік грантқа ие бола алмаған талапкерлердің ата-аналарына үндеу жасап, оқуға түсудің басқа да жолдары бар екенін түсіндірді, деп хабарлады tiek.kz.

Айтуынша, биыл 75 мыңнан астам талапкер мемлекеттік білім грантының иегері атанған. Сондай-ақ конкурстың жоғары болғанын айтады.

“Әрқайсыңызды және отбасыларыңызды шын жүректен құттықтаймын. Тізімдегі бір ғана жолдың артында айлар, кейде жылдар бойғы еңбек, ұйқысыз түндер, ата-ананың алаңдауы, ұстаздардың қолдауы және өз табандылықтарыңыз тұр. Сіздер бұл нәтижеге лайықсыздар. Биыл конкурс әсіресе жоғары болды. 2025 жылы 113 мың өтініш берілсе, 2026 жылы олардың саны 127 мыңға жетті. Бұл — 14 мыңға көп. Сондықтан бүгін мемлекеттік грантқа аз ғана ұпайы жетпей қалған талапкерлерге ерекше сөз арнағым келеді. Мемлекеттік грант — сөзсіз үлкен мүмкіндік. Бірақ ол жоғары білімге апаратын жалғыз жол емес”, – дейді министр.

Саясат Нұрбек мемлекеттік грантқа түспей қалғандарға елімізде басқа да мүмкіндіктер бар екенін айтады:
Әкімдік гранттарына өтініш беру — биыл 2000-нан астам білім грантын әкімдіктер бөліп отыр.Ең көп грантты Астана қаласының әкімдігі – 303, Шымкент қаласы – 285 грант, Шығыс Қазақстан облысы – 270 гранттан бөлді. Одан кейін Батыс Қазақстан облысы – 211 грант, Абай облысы мен Түркістан облысы – 200 гранттан, Ақмола облысы – 199 грант, Қарағанды облысы – 198 грант, Атырау облысы – 187 грант, Маңғыстау облысы – 163 грант бөлді. Қалған өңірлердің әрқайсысы 100-ге жуық грант ұсынды.

“Конкурсқа қатысу үшін талапкерлер өздері таңдаған жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына өтініш беруі қажет. Өтінішке білім туралы құжат, негізгі ҰБТ сертификаты, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, сондай-ақ жеңілдік санатын растайтын құжаттар (бар болған жағдайда) қоса тапсырылады. Құжаттарды қабылдау мерзімі туралы ақпаратты жергілікті атқарушы органдардан және жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларынан алуға болады. Білім беру гранттарын беру туралы шешімді тиісті әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды”, – делінген ақпаратта.
Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады.

Ректорлық гранттар бар. Министрдің жазуынша, биыл университеттер 2 мыңнан астам ректорлық грант ұсынған. Әр университет грант санын, оны беру тәртібі мен іріктеу талаптарын өзі анықтайды. Өтініштерді қарау кезінде Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелері, академиялық жетістіктер, «Алтын белгі» иегері болуы, олимпиадалардағы, ғылыми, шығармашылық және спорттық байқаулардағы жеңістер, сондай-ақ талапкердің әлеуметтік жағдайы ескеріледі.

Бұдан бөлек, жұмыс берушілердің мақсатты бағдарламалары, жеке қорлар мен ірі компаниялардың гранттары бар.

Мысалы, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры ауыл мектептерінің, шағын және моноқалалардың түлектеріне 350 грант ұсынады. Бұған ауылдық елді мекендердегі, шағын және моноқалалардағы мектеп түлектері 25 жасқа дейін (25 жасты қоса алғанда) қатыса алады. Олар:
Жетім балалар және кәмелет жасына толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар;
Мүгедектігі бар адамдар;
Мүгедектігі бар балалар тәрбиеленетін отбасылардың балалары, сондай-ақ ата-анасының бірі мүгедектігі бар балалар.

Сол секілді, KAZENERGY, «Қазатомөнеркәсіп» және басқа да ұйымдар өздерінің білім беру бағдарламаларын жүзеге асырып келеді.

«Оқу басталғаннан кейін де босап қалған мемлекеттік грантты иеленуге мүмкіндік бар. Жыл сайын гранттардың бір бөлігі босап қалады.

Ал ақылы негізде оқып, жоғары академиялық нәтиже көрсеткен студенттер кейін сол гранттарға үміткер бола алады», – деді ол.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button