Ауылдан хат
Тренд
Арқалық әуежайынан үш бағытта ұшақ ұшады
Қостанайда Арқалық қаласының 70 жылдығы және мемлекет қайраткері, этнограф Өзбекәлі Жәнібектің 95 жылдық мерейтойы өтіп жатыр.

Арқалық және Торғай арқылы өтетін жаңа «Орталық-Батыс» жолының құрылысы алдағы бір-екі жылда аяқталады.Бұл туралы Арқалық қаласының 70 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға арнайы келген Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов айтты, деп хабарлады tiek.kz.
Айтуынша, қазір құрылыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Торғайдан басталған жол қазір Ырғыз бағытында салынып жатыр. Жангелді ауданының тұрғындары оны көріп отыр. Техникалар тұрақты жұмыс істеп жатыр. Бас-аяғы екі жылдың ішінде құрылысы толықтай аяқталады. Транскаспий бағытына шығатын Арқалық және Торғай арқылы өтетін жаңа «Орталық-Батыс» жолын президенттің өзі бақылап отыр.
Сол секілді Қызылорда-Жезқазған-Арқалық жолы биыл бітуі тиіс. Арқалық қаласы еліміздің солтүстігін, орталығын, батысы мен оңтүстігін өзара жалғайтын маңызды көлік және логистикалық хабқа айналады. Жалпы жол – экономиканың тамыры. Көлік қатынасын дамытпай, ел экономикасын көтеру мүмкін емес.
Сапалы көлік инфрақұрылымы өңірде шағын және орта бизнестің дамуына, атап айтқанда, жаңа қонақүйлердің, дәмханалардың, сауда орталықтарының пайда болуына жол ашады. Сонымен қатар, жол бойындағы қызмет көрсету нысандары да дамиды», — деп атап өтті Ақсақалов.
Сондай-ақ ол Арқалық әуежайының құрылыс туралы да айтып өтті. Айтуынша, құжат жұмыстары аяқталып, конкурс жарияланған. «Мемлекет басшысы Арқалық қаласындағы аэропорт қалпына келтіруді тапсырған болатын. Жоба өңір мен жергілікті тұрғындар үшін үлкен маңызға ие. Мұнда 140-қа жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Астана, Алматы, Қостанай ұшу бағыттарын ұйымдастыру үшін рәсімдер өтіп жатыр. Қорытындысын күтіп отырмыз», — дейді ол.
Қостанай облысы әкімінің орынбасары Берік Таңжарықов қазіргі таңда субсидиялау жұмыстары нақтыланып жатқанын атап өтті. Министрлік Скат әуе компаниясымен келісім шарт жасасып қойған. Соған сәйкес, әуежай құрылыс біткен бойда аптасына екі рет ұшақ ұша бастайды. «Жалпы елімізде төрт әуежайдың құрылыс жүріп жатыр. Олар — Қатонқарағай, Зайсан, Кендірлі және Арқалық», — дейді ол.
Әуежай 3 бағытта ұшатын ұшақ қабылдамақ. Олар:
1. Астана-Арқалық (билет құны — 10 000 т.)
2. Қостанай-Арқалық (10 000 т.)
3. Алматы-Арқалық (25 000 т.)
Бүгінгі таңда Арқалық қаласы жаңа серпінмен қайта дамып, екінші тынысы ашылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен Арқалықты және бүкіл Торғай өңірін әлеуметтік-экономикалық дамытудың жүйелі шаралары жүзеге асырылып жатыр.
4 жыл ішінде 91 млрд теңге бөлінген. Биыл тағы 36 млрд теңге бөлініпті. Осының нәтижесінде қаланың инфрақұрылымын жаңарту мен халықтың тұрмыс сапасын арттыру бойынша ауқымды міндеттер белгіленіп, біршама жұмыс атқарылған. Мәселен, кеше ғана жаңарған, заманауи теміржол вокзалы өз есігін ашты.
Естеріңізге салсақ, Қостанайда Арқалық қаласының 70 жылдығы және мемлекет қайраткері, этнограф Өзбекәлі Жәнібектің 95 жылдық мерейтойы өтіп жатыр.



