Мәдениет
Тренд

«Бақытты шағы осы Торғайда өтті»: Өзбекәлі Жәнібековтің ұлы әкесі туралы ешкім білмейтін құпиямен бөлісті

Айтуынша, Өзбекәлі Жәнібековті Торғайға жер аударған.

Қостанайда Арқалық қаласының 70 жылдығы және мемлекет қайраткері, этнограф Өзбекәлі Жәнібектің 95 жылдық мерейтойы өтіп жатыр.

Салтанатты жиында тілшіміз біртуар тұлғаның ұлы Ниетжан Өзбекәліұлымен жолыққан еді. Сұқбат барысында  Ниетжан Өзбекәліұлы әкесі туралы ешкім білмейтін құпиямен бөлісті. Айтуынша, Өзбекәлі Жәнібековті Торғайға жер аударған.

«1969 жылы Алматыда әкемнің бастамасымен комсомолдар ғимараты салынды. Ғимарат өте әдемі, ғажайып болып шыққан. Осыдан кейін әкемді Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші хатшысы Валентин Карпович Месяц шақырып, ғимаратты құрылыс министрлігінің балансына өткізуді тапсырады. Алайда әкем оған көнбеген. «Бұл жерде қаншама комсомол еңбек етті, күллі өңірден келіп тер төкті. Алматы ғана емес, еліміздің батысы мен шығысы, оңтүстігінен келген мамандардың еңбегін қайда қоямыз» деп қарсылық танытқан Осыдан кейін көп ұзамай Қонаев екеуін Торғай өңіріне жіберген. Турасын айтқанда әлі құрылып үлгермеген тың өңірге жер аударып жібереді. Ол кісінің ең бақытты сәті осында өтті. Нағыз қайнаған уақытқа тап болды.  Осында еңбек етіп, өңірдің гүлденуіне атсалысты», — дейді Ниетжан Өзбекәліұлы.

Айтпақшы, мерейтой қарсаңында Арқалық қаласында Өзбекәлі Жәнібековке көше беру туралы ұсыныс болды. Ұсыныс қолдау тауып, әкімдік өкілдері қабылдауға алынған атап өтті. Айтуынша, қала көшелерінің бірін Өзбекәлі Жәнібеков есімімен атау мәселесі күн тәртібінде тұр.

Тілшіміздің хабарлауынша, қала тұрғындары мен қала қонақтары «Наурыз» алаңындағы сахнада «Шертер» этнографиялық-фольклорлық ансамблінің «Туған елдің төрінде» атты концертін тамашалаған.

Айтпақшы, «Шертер» ансамблі Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен құрылғанын айта кету керек. «Осыдан аттай 55 жыл бұрын «Шертердің» негізі қаланғанда – оның құрамында 13 мүшесі болған еді. Олар қазақ тарихындағы тұңғыш ансамбльдң жасақтап қана қойған қой, ұлттық аспаптарымыздың үнін жаһанға танытты. Қайта жаңғырған «Шертер» жақын күндері шетелде өнер көрсететінін сүйіншілегім келеді. Бұл Арқалықтың ғана емес, алты Алаштың абыройы! Бүгінгі мерейтой аясында қайта түлеп, сахнаға қайта оралған «Шертер» этнографиялық-фольклорлық ансамблінің концерті – баршамыз үшін ерекше қуаныш.

Бұл – өткенге тағзым жасап қана қоймай, ұлттық мұрамызды келер ұрпаққа аманаттаудың айқын көрінісі. Кезінде мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен құрылған «Шертер» ансамблі қазақтың ұмыт бола бастаған көне музыкалық аспаптарын жаңғыртып, ұлттық өнердің жаңа тынысын ашқан бірегей шығармашылық ұжым болды. Бүгінде сол игі дәстүрдің қайта жалғасуы – барша мәдениет жанашырларының ортақ жеңісі. Облысымыз ұлттық өнерді дамытуға әрдайым айрықша мән береді», — деп атап өтті Қостанай облысы әкімінің орынбасары Б.Нарымбетов.

Бұған дейін Қазақ күресінен Республикалық турнирі өтіп, «Арқалықтың-ақ таңы» спектаклінің қойылымы болған еді. Салтанатты жиын жексенбіге дейін созылады.

Ертең Қаланың 70 жылдығына орай «Жасампаз дәуірдегі жаңғырған қала» атты конференция өтеді. Ара қарай келушілер Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін «Арқалық — болашақтың қаласы!» атты Гала концертін тамашалайды.

Арқалық қаласының құрылғанына 70 жыл және көрнекті тарихшы-этнограф, мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 95 жыл

Торғай жұрты Жәнібековты шынайы жақсы көреді, құрметтейді, ұмытпайды. Өйткені Өзбекәлінің ішкі рухани әлемімен Торғайдың тарихи тамыры, ондағы таза қазақы дәстүр мен мәдениеттің сақталуы кереметтей астасты. Арасына сына қағатындай, жік кіретін жері жоқ ұғынысқан, үндескен әлем болды. Өйткені Торғай төрт құбыласынан да тек қазақ өлкелелерімен шекаралас, өзге қоңсының , мейлі ол ағайындас өзбек, қырғыз, татар, башқұрт, ұйғыр дейсіз бе ешкімнің араласы жоқ, ықпалы тимеген таза қазақтар мекендеген, топырағында Алаш арыстарын тербеген, оазис тәрізді оқшау жатқан жер еді. Жолы жоқ, облыс орталығы Қостанайдан тым жырақ, өз қотырын өздері қасып, қоңыртөбел тірліктеріне еттері әбден үйренген шақта Торғай өз алдына облыс болып көтерілген.

Ел ду ете қалды. Еңселері көтеріліп, үміт шоғы жылт-жылт еткенде елге басшылардың алдыңғы легінде Өзбекәлі Торғайға келген. Өзағаңның да іздегені, жанының қалағаны осындай топырақ еді. Ол уақытта Алаш азаматтарының көзін көрген ескі көздер баршылық еді. Өзағаңның ұлт жанашыры ретінде қайраткерлік деңгейге көтерілуіне Торғай ерекше әсер етті. Ол құнарлы топырақта қанша қазына көміліп жатқанын айқын көрді. Торғайдың сөз ұғынар халқының, шежіре мен шешендік сөздерді түйдегімен ағытатын қарияларының әңгімелеріне қанды. Қандай терең пласт жатқанын көріп, оны сақтауға бүгін ұмтылмаса, ертең жоғалып кететін қауіпін ұқты да жанталасты.

Олай ететіні топырақта әлі де құнар бар және ол өзге өңірлерге қарағанда тезірек өнім беретінін жан әлемімен сезінді. Ұлт мәдениетінің тамырына қан жіберуді Торғайдан бастаудың маңызын ұқты.

Содан Мәскеуден Ольга Голушкевичті, Алматыдан Болат Сарыбаевты алдырды. Өзі еденін бояп жүріп музей ашты. Осылайша түкпірдегі Торғайда алғашқы этнографиялық ансамбльдер құрылды. “Ғасырлар пернесі”, “Шертер” археологиялық артефактерге айналған аспаптарды сахнаға алып шықты. Жетіген, шертер, сыбызғы, сазсырнай, қобыз дала самалына үн қосты.

Бұл-ұлттық фольклор, этнографияның Кеңестік идеологияның құрбанына шалынып жан тәсілім етейін деп жатқан уақытында аурухананың реанимациясына түсіп аман қалғанындай оқиға еді.

Журналист Анар Төлеухан

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button