«72 рет пышақ сұғар едім»: Желіде Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты пікір жазған адам ұсталды

Желіде белгісіз ер адам Нұрай Серікбайға қатысты алаңдатарлық пікір қалдырды. Осыдан кейін марқұмның отбасының адвокаты желі қолданушысының үстінен арыз жазған, деп хабарлады Stan.kz.
Желіде орынсыз пікір туралы марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай мәлімдеді. Оның айтуынша, TikTok желісінде Нұрайға 36 рет пышақ жарақаты салынғаны туралы видеоның астына @dkraken9 (Дәурен) есімді қолданушы «72 рет пышақ тығар едім» деген пікір жазған.
Бұл жағдайға марқұмның отбасының адвокаты жауап беріп, құқық қорғау органдарына арызданғанын айтты.
“Осыған байланысты мен, жәбірленуші Нұрайдың өкілі ретінде, Шымкент қаласы полиция департаментіне аталған @dkraken9 аккаунтының иесін анықтап, оны заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке тарту туралы арыз жолдадым”, – деді Аянхан Омаров.

Пікір Нұрайға емес сотталушыға бағытталыпты
Кейін адвокат Аянхан Омаров пен марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай пікір иесін полиция тауып бергенін мәлімдеді.
“TikTok қолданушыларының бірі: «Нұрайға 72 рет пышақ сұғар едім» деген пікір қалдырған еді. Жазба таңғы сағат 10:00-де жарияланды. Қазір уақыт – 20:17. Демек 10 сағатқа жетер-жетпес уақыт ішінде полиция қызметкерлері бұл пікірді жазған адамның жеке басын анықтады. Қазір ол сіздердің алдарыңызда тұр және өз мәлімдемесін жасағысы келеді”, – деді Нұрайдың ағасы.
Ал жазба астына пікір жазған қолданушы өз әрекеті үшін кешірім сұрады. Сонымен қатар ол пікірі Нұрайға емес, күдікті Шерхан Аймаханға бағытталғанын жеткізді.
“Мен ешқашан қылмысты да, қылмыскерді де қолдаған емеспін және қолдамаймын. Егер жазған пікірім Нұрайдың жақындарына немесе оның отбасына ауыр тиген болса, шын жүректен кешірім сұраймын! Ешқандай жаман ниетім болған жоқ. Пікірім тек қылмыскерге қатысты жазылған”, – деді желі қолданушысы.


