«Ұрғашылар мен еркектер…»: тойда уағыз айтқан адамға қатысты іс қозғалды
Ерлер мен ұрғашылардың бірге отыруы шариғатқа мүлде сай келмейді деген еді.

Ішкі істер министрлігі Түркістан облысында тойда түсірілген видеоға қатысты мәлімдеме жасады. Аталған факт бойынша полиция қылмыстық іс қозғады.
“Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында Түркістан облысының 66 жастағы тұрғынының діни және әлеуметтік араздықты қоздыру белгілері бар жария мәлімдемелері қамтылған бейнежазба анықталды”,- делінген полиция хабарламасында.
Министрлік Қазақстан Республикасының Конституциясы әрбір азаматтың жынысына, тегіне, әлеуметтік жағдайына, дінге көзқарасына және өзге де мән-жайларға қарамастан құқықтары мен бостандықтарының теңдігін қамтамасыз ететінін атап өтті.
“Адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлауға, діни, әлеуметтік немесе өзге де белгілері бойынша кемсітуге бағытталған кез келген жария үндеулер, сондай-ақ қоғамдық келісім мен бірлікке нұқсан келтіруі мүмкін әрекеттерге жол берілмейді”,- делінген хабарламада.
ІІМ сөз бостандығы жауапкершіліктен босатпайтынын атап өтті. Заң талаптарын бұзу белгілері бар кез келген жария мәлімдемеге құқықтық баға беріледі.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Жетісайда өткен тойлардың бірінде тілектің орнына діни уағыз айтып, музыка мен аралас отырған әйелдер мен ерлерді сынаған адамның видеосы тараған еді.
“Біз мұсылманбыз. Мұсылман болғаннан кейін бізге шариғаттың үкімі болады. Ненің халал, ненің харам екенін Алла баттитып жазып кеткен. Аллаға шүкір, тойлардағы арақ деген бәледен құтылдық. Бірақ тағы екі нәрсе қалды. Бірі – музыка деген бәле. Одан да құтылуымыз керек. Шариғатқа мүлде сай келмейді. Екіншісі – ерлер мен ұрғашылардың бірге отыруы», — дейді ол. Осыған байланысты Ерлан Қарин мұндай пікірлердің ұлттық болмысқа да, Қазақстанның зайырлы даму қағидаттарына да сәйкес келмейтінін атап өтті. «Қазақстан – зайырлы мемлекет. Біздің темірқазығымыз – Конституция. Бірінші орында діни шектеулер емес, еліміздің заңдары тұрады», – деп жазған Ерлан Карин.



