Мәдениет

«Мұра жіптері»: Ә. Қастеев музейінде Батима Заурбекованың гобелен өнеріне арналған ауқымды көрме өтеді

Алматы қаласындағы Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі қазақстандық суретші, Қазақстандағы ұлттықгобелен мектебінің негізін қалаушы Батима Заурбекованыңтуғанына 80 жыл толуына арналған «Мұра жіптері» атты көрменің ашылатынын хабарлайды. Көрме 2026 жылғы 25 қыркүйек пен 8 қараша аралығында өтеді. Экспозицияда музей қорынан және суретшінің отбасылық мұрағатынан алынған 80-нен астам туынды – гобелендер, кескіндеме және графика жұмыстары ұсынылады.

Гобелен – бейне қылқаламмен емес, тоқыма станогында жіп арқылы тоқылып жасалатын көркем кілем. Қазақстанда бұл өнер түрі XX ғасырдың екінші жартысында ерекше қарқынмен дамып, суретшілер дәстүрлі кілем тоқу мен киіз ою-өрнегін бейнелеу өнерінің жаңа бағыты ретінде жаңаша пайымдай бастады. Осылайша халықтық өрнек, ұлттықнақыш және заманауи кескіндеме тілін ұштастырған қазақстандық гобелен мектебі қалыптасты. Сол мектептіңбастауында тұрған көрнекті тұлғалардың бірі – Батима Заурбекова.

Батима Заурбекова – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Оның жарты ғасырдан астам уақытқа созылған шығармашылығы қазақстандық гобелен өнерінің дамуына айрықша ықпал етіп, ұлттық дәстүр мен заманауи көркемдік тілді табиғи үйлестіре білді.

Көрме Батима Заурбекованың шығармашылығын әлемдік мәдениет кеңістігі аясында таныстырып, оның негізгі идеялары мен көркемдік ізденістерін халықтық өнер және модернизм бағытындағы кескіндемемен сабақтастықта ашады.

«Мұра жіптері» көрмесінің экспозициясы үш зал арқылы өтетін көркем саяхат ретінде ұйымдастырылған.

Көрме бағыты музейдің тұрақты экспозициясынан басталады. Мұнда сәндік-қолданбалы өнердің таңдаулы үлгілері Батима Заурбекова шығармашылығының ұлттықкөркемдік дәстүрмен сабақтастығын айқындай түседі. Павильонның қалың қабырғалары суретші туындыларында жиі көрініс табатын Қожа Ахмет Ясауи кесенесін еске салады. Сонымен қатар бұл кеңістік үйдің, пананың және қасиетті мекеннің символына айналып, Заурбекова шығармашылығындағы адам мен табиғаттың тұтастығы, материал мен қолөнердің киелілігі сияқты басты тақырыптарды ашады.

Екінші залда стильдік тұрғыдан жақын туындылар бірнеше тақырыптық аймаққа топтастырылған. Әрбір аймақсуретшінің шығармашылық әлеміндегі белгілі бір бағытты бейнелейді. Кеңістіктің ашық құрылымы келушілерге өз бағытын еркін таңдауға мүмкіндік береді: шығармалар әртүрлі қырынан көрініп, жаңа үйлесімдерде қабылданады, ал музыкалық сүйемелдеу оларды түсінудің қосымша мәдени кілтіне айналады.

Көрменің соңғы бөлігінде әйел бейнесінің көпқырлылығы көрініс табады. Композицияның өзегінде төбеден ілінген шаңырақ орналасқан, оның айналасына ұлттық киімдегі қазақ аруларының портреттері қойылған. Бұл көркем шешім әйел бастауын өмір сабақтастығы мен ұрпақтар жалғастығы идеясымен байланыстыра көрсетеді.

Осы бөлімде келушілер суретші туралы деректі фильмді тамашалап, мұрағаттық фотосуреттермен таныса алады. Сондай-ақ арнайы оқу тоқыма станогында жұмыс істеп көріп, гобелен тоқу үдерісінің қыр-сырымен жақынырақтанысу мүмкіндігіне ие болады.

«Мұра жіптері» көрмесі дәстүрлі ретроспективалық көрме шеңберінен шығып, гобеленді бүгінгі күнмен үндесе алатын, көрерменмен өнер тілі арқылы сұхбат құратын заманауи әрі өміршең көркемдік медиум ретінде таныстыруды мақсат етеді.

Көрме кең аудиторияға арналған: өнертанушыларға, дизайнерлерге, сәулетшілерге, сондай-ақ дәстүрден тек тарихи мұра емес, қазіргі заманға сай көркемдік тіл іздейтін шығармашылық қауымдастық өкілдеріне қызықты болмақ.

Ондаған жылдар өтсе де Батима Заурбекованың гобелендері көрерменмен үй, жады және ұрпақтар сабақтастығы туралы сыр шертуді жалғастырып келеді. «Мұра жіптері» көрмесі – бүгінгі күнде де өмір сүруін тоқтатпаған өткенмен қауышуға мүмкіндік беретін ерекше мәдени оқиға.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button