Оқиға

Шығыс Қазақстан тұрғыны бұрынғы әйелінің құлағын кесіп алған

Шығыс Қазақстан облысында алты кәмелетке толмаған баланың анасына жасалған аса қатыгез шабуылға қатысты тергеу жүргізілуде. Әлеуметтік желілерде тараған мәліметтерге сәйкес, әйелдің бұрынғы күйеуі оның құлағын кесіп алған.

Әйел бұрынғы күйеуінің тарапынан өзіне қауіп төніп жатқанын айтып, бірнеше бейнеүндеу жариялаған және тиісті шара қолдануды сұраған. Жарияланымда құқық қорғау органдарына да сын айтылып, олардың шабуылдың алдын ала алмағаны туралы мәлімделген.

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті оқиғаның 25 шілде күні Самар ауылында болғанын хабарлады.

«Полицияға жергілікті тұрғын әйелге пышақ жарақаты салынғаны туралы хабарлама келіп түсті. Күдіктіні ұстау бойынша жедел шаралар дереу қабылданды. Сол күні жәбірленушінің 51 жастағы бұрынғы күйеуі ұсталды. Қазіргі уақытта ол қамауға алынды», – деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар жәбірленушімен қандай да бір байланыс жасауға тыйым салатын қорғау нұсқамасы шығарылды. Бұған дейін жәбірленушінің арыздары негізінде ер адам бірнеше рет қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ ол ата-ана құқықтарынан айырылған.

Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шешім қабылданады.

Тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынған.

 

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button