Қоғам
«Сенаттан шыққандар міндетті түрде ректор болуы керек деген заң жоқ» — заңгер
Бір адамдарды қайта-қайта қызметке әкелумен білім жүйесі жаңармайды.
Білім ордаларын былғамаңдар!
Қазақстандағы жоғары білім жүйесіне ең алдымен жаңа буын, жаңа басқару мәдениеті керек.
Жасы зейнетке жеткен адам зейнеттің де қадірін көргені дұрыс. Елімізде Сенаттан шыққан әр азамат міндетті түрде ректор болуы керек деген заң жоқ.
Түркия университеттерінде талай профессорлар мен академиктер: «Жастар басқарсын, біз ғылыммен айналысып, дәріс оқып, тәжірибемізді бөлісейік» деген ұстанымды ұстанады. Себебі олар ғылым мен басқарудың екі бөлек дүние екенін жақсы түсінеді.
Ал бізде кейбіреулер үшін қызмет – өмірлік мансапқа айналғандай. Бір орыннан кетсе, міндетті түрде екінші бір кресло күтіп тұруы керек деген түсінік қалыптасып кеткен.
Соңғы күндері Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетіне қатысты қызу талқылауды бақылап отырмын. Сонда екі мәрте ректор болған, зейнет жасындағы адамды қайтадан сол қызметке алып келудің қандай қажеттілігі бар?
Дәл қазір білім саласын жаңартып, жылдар бойы қалыптасқан ескі жүйеден арылып, әділдік пен сапаға негізделген жаңа кезеңді бастауымыз керек. Осындай уақытта неге тағы да кешегі кадрларға сүйенеміз?
Ғалым мен академиктің елге қызметі тек ректорлық кресломен өлшенбейді. Егер елге, ғылымға, білімге шынайы үлес қосқысы келсе, аудиторияға кіріп, жастарға дәріс оқысын, ғылыми мектеп қалыптастырсын, тәжірибесін бөліссін.
Ал университеттерді жаңа көзқарасы бар, заман талабын түсінетін, жауапкершілігі жоғары жастар басқаруы керек.
Білім саласын жаңартамыз десек, алдымен ескі кадр саясатын өзгертуіміз қажет. Бір адамдарды қайта-қайта қызметке әкелумен білім жүйесі жаңармайды.
Заңгер Айгүл Орынбектің facebook парақшасынан



