
Қаржылық мониторинг агенттігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражатын заңсыз иемденудің бірнеше схемасын анықтады.
Агенттіктің мәліметінше, шамамен 140 мың азамат медициналық ұйымдарға жалған тіркеліп, көрсетілмеген медициналық қызметтер туралы жалған мәліметтер енгізілген.
Осы деректер бойынша 36 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Алдын ала есепке сәйкес, мемлекетке келтірілген шығын 3,5 млрд теңгеден асады.
Мәселен, Түркістан облысында Жетісай аудандық ауруханасының лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу жүргізілуде. Тергеу мәліметінше, МӘМС қаражаты іс жүзінде қызмет көрсетпеген 20-дан астам жеке кәсіпкердің есепшотына аударылған. Бұл іс бойынша мемлекетке келтірілген шығын 501 млн теңгеден асып, екі күдікті қамауға алынған.
Астанада жеке клиника басшысы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан заңсыз қаржы алғаны үшін 5 жылға сотталды. Қылмыстық схема арқылы клиникаға 15 мыңнан астам адам заңсыз тіркеліп, 79 млн теңгенің жалған медициналық қызметі рәсімделген.
Алматы облысында тағы бір жеке клиника басшысы жалған стоматологиялық қызмет көрсеткені үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
Тергеу барысында 4,5 мыңнан астам жалған қызмет көрсетілгені анықталып, мемлекетке 66 млн теңге шығын келген.



