«Жұмысымнан айырылып қалуым мүмкін»: қазақстандық азамат журналист Лұқпан Ахмедияровты жазалауды талап етті
Украинадағы соғысқа қатысқан қазақстандықтардың тізіміне қатысты дау ушығып барады. Өскемен қаласының тұрғыны Руслан Мұхамедов өзін осы тізімнен тауып, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінен журналист Лұқпан Ахмедияровты қатаң жазалауды сұрады. Ал журналистің өзі бұл жағдайға қатысты түсініктеме беріп, келісім бойынша материалды өшіргенін мәлімдеген болатын.
Жанжалдың басы: 660 адамдық тізім
Бұл оқиғаның бастауы 2024 жылдың 1 сәуіріне барып тіреледі. Журналист Лұқпан Ахмедияров өзінің парақшаларында Украинаның «Хочу жить» (Өмір сүргім келеді) мемлекеттік жобасына сілтеме жасай отырып, Ресей Федерациясы жағында Украинаға қарсы әскери қимылдарға қатысып жүрген 660 қазақстандықтың тізімін жариялаған.
Алайда, осы тізімдегі аты-жөнімен дәлме-дәл келетін Өскемен қаласының тұрғыны Руслан Мұхамедов бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтып, полицияға арыз түсірген.
«Сөз бостандығы тексерілмеген ақпаратты таратуға құқық бермейді»
Руслан Мұхамедов өзінің деректері бұл тізімге қате еніп кеткенін айтып, Бас прокурор мен Ішкі істер министріне бейнеүндеу жолдады. Ол Ресейге соғысқа қатысу үшін емес, тек жұмыс бабымен баратынын мәлімдеді.
«Мен Ресейде вахталық әдіспен жұмыс істеймін. Бұл жағдайға менің ешқандай қатысым жоқ», – дейді ол.
Мұхамедовтің айтуынша, тексерілмей тараған ақпарат оның беделіне қатты нұқсан келтірген. Азамат кейбір достары мен туыстарынан теріс айналып, тіпті жұмысынан айырылып қалу қаупі төніп тұрғанына алаңдаулы.
«Сөз бостандығы тексерілмеген ақпаратты жариялауға құқық бермейді. Мен қылмыскер емеспін. Мен – адал атына нұқсан келген азаматпын. Осы журналисті заң бойынша қатаң жазалауды сұраймын», – деп талап етті Мұхамедов өзінің бейнеүндеуінде.
Лұқпан Ахмедияровтың жауабы: «Ол шағымын қайтып алуға уәде берді»
Аталған арыз негізінде журналист Лұқпан Ахмедияров Астана қаласындағы полиция бөлімшесіне шақыртылды. Журналист жағдайдың қалай өрбігенін түсіндіріп, полиция бөлімшесінен видео жариялады.
Ахмедияровтың сөзінше, тізімдегі адам мен арызданушының аты-жөні толық сәйкес келгендіктен осындай түсініспеушілік туындаған. Ол полиция қызметкерлерінің көзінше Өскемен тұрғынымен телефон арқылы сөйлескенін жеткізді.
«Біз сөйлестік, және ол егер мен 1 сәуірдегі Инстаграм мен Ютубтағы жазбаларды өшірсем, маған ешқандай шағымы болмайтынын айтты. Біз солай істедік (посттар өшірілді – ред.). Осыдан кейін полицейлер одан «шағымым жоқ» деген қарсы арыз күтті. Бірақ ол арыз келмеген соң, мені босатты. Қазір полицейлер оның жауабын күтіп отыр», – деді Лұқпан Ахмедияров.
Қазіргі уақытта жағдайдың құқықтық тұрғыда қалай шешілетіні белгісіз. Журналист даулы жарияланымды жойып, мәселе ауызша шешілді деп есептегенімен, арызданушы Мұхамедовтің жоғары органдарға жасаған үндеуі бұл істің әлі де жалғасуы мүмкін екенін аңғартады.



