Спорт

Қазақстан әлем кубогына бойкот жариялауы мүмкін

Бұған ФИФА президенті Джанни Инфантиноның әрекеті себеп болған.

УЕФА мүше 55 ел (оның ішінде Қазақстан да бар) 2030 жылы өтетін әлем кубогына бойкот жариялауы мүмкін. Бұған ФИФА президенті Джанни Инфантиноның әрекеті себеп болған, — деп хабарлады Азаттық радиосы.

ФИФА-ның идеясы қандай?

Яғни, ФИФА әлем кубогын өткізу үшін өз ішінде капиталы 20 миллиард доллар болатын еншілес FIFA Forward Enterprise компаниясын құрмақ. Дәл осы еншілес компанияның 20% үлесі сыртқы инвесторларға берілмек.

Ал жеке инвесторлар тобын америкалық бизнесмен Джошуа Кушнердің Thrive Capital компаниясы басқаруы мүмкін. Джошуа Кушнер – АҚШ президенті Дональд Трамптың күйеубаласы Джаред Кушнердің ағасы.

Кімдер қарсы?

30 шілдеде УЕФА-дағы 55 ел жиын өткізіп, ФИФА-ның бұл жоспары іске асса 2030 жылғы әлем кубогына қатыспаймыз деп мәлімдеді. УЕФА әлем кубогы сияқты ірі турнирге жеке инвесторлардың кіргенін қаламайды.

Артынша Солтүстік Америка және Орталық Америка елдері кіретін КОНКАКАФ ұйымындағы 41 ел де ФИФА бастамасына қарсы шықты. Азия футбол қауымдастығы да ФИФА бастамасын қолдамайтынын мәлімдеді. Бірақ КОНКАКАФ пен Азия футбол қауымдастығы әлем кубогына бойкот жариялайтынын айтқан жоқ.

ФИФА не дейді?

ФИФА бүгін, 31 шілдеде мәлімдеме жасап, «футболды саудалап жатқан жоқпыз» деді әрі бастаманы 211 елдің басым бөлігі қолдамаса жүзеге аспайды деп мәлімдеді.

Яғни, ФИФА идеясын кемі 106 ел қолдау керек, бірақ Еуропа, Азия, Америкадағы 140-тан аса ел қазірдің өзінде қарсылық білдірді.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button