Олжас Бектенов бизнесті дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Қаржы, Ұлттық экономика министрліктері және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басшылығының қатысуымен кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
Жиында кәсіпкерлік саласындағы қазіргі жағдай, салық реформасының алдын ала нәтижелері және бизнес субъектілерінің қызметін әділ реттеуді қамтамасыз ету шаралары қаралды. Сондай-ақ іскерлік белсенділікке, салалық және өңірлік көрсеткіштерге назар аударылды.
Қаржы министрі Мәди Такиевтің баяндауынша, І жартыжылдық қорытындысы бойынша республикалық бюджетке корпоративтік табыс салығынан түсетін түсімдер 15,7%-ға артқан. Салалар арасында оң серпін әсіресе қаржы секторында және өңдеу өнеркәсібінде байқалады.
Сондай-ақ бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша шағын және орта бизнес субъектілерінің саны шамамен 550 мыңға артты. Қаржы министрлігінің деректеріне сәйкес, бұл көрсеткіш өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың қызметін заңдастыру жұмыстарының нәтижесінде қалыптасты. Бұл ретте өзін-өзі жұмыспен қамтығандар тек әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыра отырып, салық төлеуден босатылады. Сонымен қатар жалданбалы жұмыскерлері жоқ 260 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі өз қызметін тоқтатқан, бұл бизнестің жасанды түрде «бөлшектеу» тәжірибесінің айтарлықтай қысқарғанын көрсетеді.
Сонымен қатар Салық кодексіне енгізілген өзгерістерді ескере отырып, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлемдерді төлеу шегі 325 мың АЕК-тен (1,4 млрд теңге) 600 мың АЕК-ке (2,6 млрд теңге) дейін көтерілді. Нәтижесінде жаңа талаптарға сәйкес келетін кәсіпорындар корпоративтік табыс салығы бойынша түпкілікті есеп айырысуды жылына бір рет жүргізеді. Осыған байланысты 2026 жылдың қорытындысы бойынша түсетін тиісті түсімдер 2027 жылдың бюджетінде көрсетіледі (бұған дейін олар есепті жыл ішінде ай сайын түсіп отырған). Бұл бизнеске есептілік көлемін қысқартуға және айналым қаражатын сақтап қалуға мүмкіндік береді.
«Атамекен» ҰКП төрағасы Қанат Шарлапаев бизнеске қатысты бірқатар мәселені көтеріп, іскер қоғамдастық атынан ұсыныстар айтты. Сондай-ақ ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин пікір білдірді.
Талқылау қорытындысы бойынша Олжас Бектенов экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету жөніндегі ортақ мақсатқа қол жеткізу үшін мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру мақсатында ынтымақтастықты жалғастыруды тапсырды. Қаржы және Ұлттық экономика министрліктеріне «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, кәсіпкерлік сектордың жай-күйіне салалық және өңірлік бөліністе кешенді талдауды ай сайын жүргізіп, оның нәтижелері бойынша тиісті ақпаратты енгізіп отыру тапсырылды.



